Нотариаттық қызметтердің сапасын арттыру тетіктері нақтыланды - заң

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нотариаттық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралып, қабылданды.

Қазақстанда адвокаттар мен нотариустар үшін талаптар жаңартылды
Фото: Uztag.info

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мәліметіне қарағанда, құжатты нотариат туралы заңнаманы жетілдіру және нотариаттық қызмет саласындағы мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Парламентінің бір топ депутаты әзірледі. Заң нотариаттық іс-әрекеттер жасау кезінде заңдылықты қамтамасыз етуге және нотариаттық көрсетілетін қызметтердің ұсынылу сапасын арттыру үшін жағдай жасауға бағытталған.

Заңда жобасында, атап айтқанда, мынадай нормалар көзделген:

- «Нотариат туралы» Заңның шеңберінде нотариаттық қызмет саласындағы заңнаманың сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібін айқындау;
- нотариус «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңды бұзған жағдайда нотариус лицензиясының қолданысын алты айға дейінгі мерзімге тоқтата тұру үшін қосымша негіздерді енгізу, сондай-ақ нотариус мемлекеттік қызмет өткерген немесе ҚР Парламентінің депутаты немесе мәслихат депутаты етіп сайланған кезеңде оның лицензиясының қолданысын тоқтата тұру;

- нотариус нотариаттық іс-әрекеттер жасаған кезде нотариат туралы заңнаманы және «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңды бірнеше рет (екі және одан да көп рет) бұзған жағдайларда нотариусты лицензиядан айыру;

- нотариустың электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілтін басқа адамдарға заңсыз беру фактісі анықталған жағдайда, нотариусты лицензиядан айыру;

- нотариус нотариаттық іс-әрекеттер жасағаны туралы мәліметтерді бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйеге енгізу мерзімдерін бірнеше рет (он екі ай ішінде екі және одан да көп рет) бұзған жағдайда нотариус лицензиясының қолданысын тоқтата тұру;

- республикалық және аумақтық нотариаттық палаталар төрағаларының, сондай-ақ тәртіптік комиссиялардың төрағалары мен мүшелерінің өкілеттік мерзіміне қосымша талаптар мен шектеулер енгізу;

- азаматтардың конституциялық іс жүргізу шеңберінде мемлекет кепілдік берген заң көмегін алу тәртібін жетілдіру.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтілесов нотариустарда дербес деректерді қорғау тетіктеріне қатысты түсінік берді.