Новак Джокович Аустралия чемпионатының ең жасы үлкен финалисі атанды

АСТАНА. KAZINFORM – «Үлкен дулыға» турнирінің 24 дүркін чемпионы, сербиялық теннисші, әлемнің 4-ракеткасы Новак Джокович спорттық жолында 11-інші рет Аустралия ашық чемпионатының финалына шықты.

Новак
Фото: Championat.com

Атақты спортшы жартылай финалда төрт сағаттан астам уақытқа созылған аса тартысты бәсекеде әлемнің 2-ракеткасы, 24 жастағы италиялық Янник Синнерді 3:6, 6:3, 4:6, 6:4, 6:4 есебімен жеңді.

OptaAce сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Н.Джокович Аустралия чемпионатының финалына шыққан ең жасы үлкен теннисші атанды. Ол мұндай нәтижеге 38 жас 241 күнге толған сәтінде қол жеткізді. Сөйтіп ол Кен Розуолдың 1972 жылғы көрсеткішінен (37 жас 57 күн) асып түсті.

Новак Джокович жексенбі күні финалда әлемнің 1-ракеткасы, испаниялық Карлос Алькараспен чемпиондық атаққа таласады.

Сербиялық теннисші дүйсенбіде жаңартылатын әлемдік рейтингіде 3-орынға көтеріледі. 

Сенбі күні Мельбурнда әйелдер арасында қос бірдей спортшы Қазақстан теннисі тарихында алғаш рет финалда өнер көрсетеді. 

Елена Рыбакина жекелей сында соңғы бәсекеде әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен ойнайды.

Анна Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге жұптық сында бельгиялық Элизе Мертенс – қытайлық Чжан Шуаймен финалдық матчты өткізеді.

Сондай-ақ жасөспірімдер арасында 17 жастағы Заңғар Нұрланұлы америкалық Китон Ханспен финалға шығу үшін таласады. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Заңғар Нұрланұлының Аустралия чемпионатында алғаш рет жартылай финалға шыққанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар