Нұр Ақтөбе жаңа шағынауданында тұрғын үй құрылысының сапасын партиялық бақылау бекеті ашылды
АҚТӨБЕ. 15 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін жаңадан салынып жатқан «Нұр Ақтөбе» шағынауданда «Нұр Отан» партиялық бақылау бекеті ашылды. Оның ашылу рәсіміне ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Ізбақ Өмірзақов пен Құралай Қаракен қатысты.
Партияның облыстық филиалы партиялық комиссия төрағасы Аманжол Тәжіғалиев бекет басшысы, «Қазақстан Ақтөбе» телеарнасы директорының орынбасары Нұрбақыт Барбосыновқа оның күнделігін тапсырды.
Салынып жатқан тұрғын үй сапасын бақылау бекетінің мүшелері қатарына облыстық мәслихат депутаты және баспана кезегінде тұрған жауынгер-интернационалист Амангелді Жұмабек сайланды.
Партиялық бекет құрылыстың кепілдік мерзімі аяқталғанға дейін жұмыс істейді. «Нұр Ақтөбеде» жоспар бойынша таяу жылдары 300 мың адамға есептелген бес шағынаудан салынады.