Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

«Нұр Отан»: Батыс Қазақстанда 73 партиялық бақылау бекеті жұмыс жасауда

ОРАЛ. 10 тамыз. ҚазАқпарат - 9 тамыз күні облыс әкімдігінің кіші мәжіліс залында партиялық бақылау комиссиясы және жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңес төрағаларының қатысуымен семинар-кеңес өтті.

«Нұр Отан»: Батыс Қазақстанда 73 партиялық бақылау бекеті жұмыс жасауда

Семинар-кеңес жұмысын «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалы төрағасының орынбасары Аққали Әубекеров жүргізді.

 Елбасы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасы көпшіліктің көкейінен шығып отыр. Елдің дамуы еңбек адамына байланысты екені түсінікті. Осы орайда мемлекет тарапынан бөлінетін қомақты қаржының тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетіп, талан-таражға түспей, мақсатты игерілуіне ұдайы бақылау қажеттілігі туады. Бұл жұмыстарды атқару әуелі тиісті құзырлы органдардың міндеті болса, қадағалауды партиялық бақылау комиссиялары жүргізуі тиіс. «Облыста 73 партиялық бақылау бекеті бар, соның ішінде 8 бекет үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын, 9 бекет - «Ақ бұлақ» бағдарламасын, 3 бекет - жұмыспен қамту бағдарламасын, 15 бекет - тұрғын үйді жаңғырту саласын, 21 бекет денсаулық сақтау бағдарламасының орындалуын қадағалайды. Бұл жұмыстарды әрі қарай күшейтуіміз қажет», - деді А.Әубекеров.

 Кеңес барысында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының, облыстық құрылыс басқармасының, БҚО бойынша экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің өкілдері хабарлама жасады. Айта кететін бір жай, кеңес мүшелері баяндамашылардың жасаған хабарламаларына көңілдері толмағандығын жасырмады. Осыған орай, кеңестің кезекті отырысына аталған мекеме-ұйымдардың бірінші басшыларын, аудан әкімдерін шақырып, нақты сұрақтарға жауап алу туралы ұсыныс бірауыздан қолдау тапты. Сондай-ақ «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалы төрағасының орынбасары Аққали Әубекеров кеңес отырысын бірыңғай мемлекеттік тілде өткізу жөнінде де орынды ұсыныс айтты.