12:06, 22 Қаңтар 2009 | GMT +5
«Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы жанынан халықаралық ынтымақтастық жөніндегі кеңес құрылды
АСТАНА. Қаңтардың 22-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы халықаралық деңгейдегі байланыстарды нығайтпақ.

Осыған орай партия жанынан халықаралық ынтымақтастық жөніндегі кеңес құрылды. Бүгін Астанада аталмыш кеңестің алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Отырыс барысында кеңестің мақсат-міндеттері мен оның мүшелері таныстырылды. Сондай-ақ кеңес өкілдері болашақ жоспарлардың жай-жапсарын сөз етіп, оның жұмысының неғұрлым жүйелі жүргізілуі үшін атқарылуы тиіс мәселелер жөнінде өзара пікір алмасты. Мәжілісте кеңестің мақсат-міндеттеріне тоқталған «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Дархан Қалетаев: «Нұр Отан» - биліктің партиясы. Сондықтан да біз жұмыс барысында тек елдегі саяси мәселелермен ғана айналысып қоймай халықаралық деңгейдегі, яғни өзге мемлекеттермен ынтымақтастық шараларын да қамтуымыз қажет», - деп атап көрсетті. Оның мәліметтеріне қарағанда, «Нұр Отан» бүгінде әлемнің 25 мемлекетіндегі жетекші партиялармен тығыз қарым-қатынаста. Олардың арасында ресейлік «Единая Россия», «АҚШ-тың демократиялық партиясы», «Қытайдың коммунистік партиясы», «Еуропа халықтық партиясы» сияқты беделді ұйымдар да бар. Қазіргі таңда біз олардың бірқатарымен арнайы меморандумдарға да қол қойып үлгердік. «Нұр Отан» қазір халықаралық деңгейдегі беделді ұйымдардың бірі. Бұл, әрине біздің лидеріміздің табанды еңбегінің нәтижесі. Ал біз партия төрағасына халықаралық мәселелерді шешуде үлкен қолдаушы күшке айналуымыз керек», - деді Д. Қалетаев. Аталмыш кеңес құрамына «Нұр Отан» партиясының өкілдерінен бөлек Парламент депутаттары мен еліміздегі жоғары оқу орындарының ректорлары, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік мекеме басшылары мен елшілік өкілдері кіріп отыр.