12:45, 27 Ақпан 2009 | GMT +5
«Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалында партияның 10 жылдық мерейтойына арналған ашық есік күні өтіп жатыр
АСТАНА. Ақпанның 27-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалында партияның 10 жылдық мерейтойына арналған «Нұр Отан» - нақты істердің партиясы» атты ашық есік күні өтіп жатыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Шараға қатысушылар мен қонақтар партия Төрағасы Н.Назарбаевтың партияны құрудағы қызметі мен еңбектері, оған көмекші болған азаматтар мен Астана қалалық филиалының тарихындағы айтулы оқиғаларға қатысты фотокөрмемен және құжаттармен таныса алады. Сондай-ақ елордалық «Шашу» би ансамблінің, балалар үйінің және тағы да басқа шығармашылық ұжымдардың арнайы әзірлеген концерттік бағдарламасын тамашалауға болады. Мерейтойға партияны құрудың бастауында тұрған ҚР Парламенті Мәжілісі мен қалалық мәслихаттың депутаттары, еңбек және соғыс ардагерлері, ҮЕҰ-лар және Ұлттық мәдени орталықтардың басшылары қатысты. Партия белсенділеріне марапаттау қағаздары, партияның мүшелігіне өткен азаматтарға партиялық билеттер табыс етілді. Қалалық филиал төрағасының орынбасары Мұхтар Еркетаев партия мүшелерін құттықтай келе: «Партия бірлікпен қуатты. Халық партияға деген сенімділігін 2007 жылғы сайлауда көрсетті. Сол уақыттан бері партия республикада атқарылып жатқан барлық іс-шараларды жіті қадағалауында ұстап, атқарушы билік органдарымен халық алдында есеп беріп келеді», - деді.Бүгін қалалық филиалдың қоғамдық қабылдау бөлімі кеңейтілген форматта жұмыс істеуде. Азаматтарды қабылдауды филиал төрағасының орынбасары М.Еркетаев жүргізеді. «Нұр Отан» ХДП-ның 10 жылдық мерейтойы бүгін барлық аймақтардағы филиалдарында атап өтілуде.