«Нұр Отан» ХДП БҚО филиалының қабылдау бөлмесіне бір жылда 2505 өтініш түсті
ОРАЛ. 26 қаңтар. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне өткен жылы ауызша және жазбалай 2505 өтініш-арыз түсті.
Қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Гүлжан Мұхтарованың айтуынша, жазбалай түскен арыздар түрліше болып келеді. Мәселен, 13-і сот шешімімен келіспеушілік, алтауы сот шешімінің орындалмауы, 12-сі білім саласының мәселелері, 11-і денсаулық, 18-і зейнетақы, жәрдемақы, 40-ы тұрғын үй-коммуналдық мәселелер, 31-і еңбекке орналастыру, 11-і жалақы төлемеушілікке байланысты болды.
Сондай-ақ лауазымды қызметкерлердің заңсыз іс-әрекеттері де арыз-шағымның туындауына себепкер болады. Бұл тізімге «Жайықжылуқуат» АҚ, Оралдағы қарттар үйі, Мичурин ішкі істер бөлімі, Сырым орта мектебі, Ақжайық және Сырым аудандық ішкі істер бөлімдері, ішкі істер органдары мен жол полициясы, «Ел ырысы» базары, коммуналдық қызметтердің өкілдері ілікті.
Ауызша тұрғындар құқықтық бағытта кеңес алу, партия жөнінде, түрлі мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу жайы туралы хабарласып жатады.
Алдыңғы жылмен салыстырғанда, өтініш көбейе түскен. Монополистер қызметі бағасының өсуіне байланысты маңызды болып отырған зейнетақы мен жәрдемақының есептелуіне байланысты арыздар түсті. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту мәселесіне байланысты адамдар мердігерлердің сапасыз жұмысына шағымданады. «Бұлардың бәрі партияның бақылауына алынып, мүмкіндігіне қарай шешіліп отырады», деді Г.Мұхтарова.