14:23, 06 Наурыз 2009 | GMT +5
«Нұр Отан» ХДП дағдарысқа қарсы шаралардың жүзеге асуын ерекше бақылауға алғаны жөн - Н. Назарбаев
АСТАНА. Наурыздың 6-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -«Нұр Отан» ХДП дағдарысқа қарсы шаралардың жүзеге асуын ерекше бақылауға алғаны жөн. Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жария еткен Мемлекет басшысы Н. Назарбаев осылай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздің партиямызды жақтап дауыс берген сайлаушылар бізге үлкен сенім білдірді. Сондықтан да, қазіргі қиын дағдарыстық кезеңде біз сайлаушылардың сенімін ақтауымыз қажет. Қоғамда дағдарысқа қарсы қозғалыстың бастауында тұрып, үкіметпен, жергілікті органдармен жұртшылықтың нақты проблемаларын шешуіміз қажет. Сонымен бірге, «Нұр Отан» ХДП дағдарысқа қарсы шаралардың жүзеге асуын ерекше бақылауға алғаны жөн. Бұл мақсаттар үшін бөлінген бюджеттік қаражаттардың жұмсалуын бақылау шарт», деді Н. Назарбаев.
Сонымен бірге, Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясына, еліміздегі барлық саяси партияларға үндеу жасай отырып, «бүгінгі күні халықты кім ойлайтындығы сөзбен емес іспен дәлелденетінін» атап өтті. «Ғаламшар тарихындағы ең қатігез дағдарысты жеңу мұратында біріге түсейік. Азаматтарға сөзбен де іспен де көмек көрсететін кез келді. Мемлекет тура осы мәселені жүргізіп келеді. Еліміздегі маңызды міндеттің бірі бейбітшілік пен келісімді сақтау. Бүгінгі дүние бір-бірін аңдумен өтіп жатыр. Сырт көздер қазақ халқының мынадай «қыл көпірден» қалай өтетінін байқауға құштар. Олар, бізді «мемлекеттігін сақтай ма екен, өз арасында бірлігі болар ма екен», деп сынайтын болады. Сондықтан да, қазақ халқына, ұлтымызға айтар сөзім қазіргі замандағы ең басты мұрат - бірлік», деді Н. Назарбаев.