«Нұр Отан» ХДП кәсіпкерлерді тексеруге жарияланған мораторийдің мерзімін ұзартуды сұрап отыр ? Е.Қарин

АСТАНА. Қаңтардың 14-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - «Нұр Отан» халықтық- демократиялық партиясы Үкіметке дағдарысқа қарсы бағдарлама мен кәсіпкерлерді тексеруге жарияланған мораторийдің мерзімін ұзартуға қатысты ұсыныстар мен ұсынымдар топтамасын жолдады.
None
None
Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында партияның хатшысы Ерлан Қарин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Е.Қариннің атап көрсеткеніндей, партия шағын және орта бизнесті, аграрлық сектор мен ипотекалық несиелендірулердің пайыздарын азайтып, оны тұрақты ұстап тұру, қаржы дағдарысының салдарынан ең көп зардап шеккен азаматтар үшін ипотекалық қарыздарын өтеу мерзімін ұзарту, бұған дейін құрылған қаржы даму институттарының ресурстарын пайдалана отырып, аймақтық деңгейде ауыл шаруашылығы өндірісін несиелеу механизмдерін жетілдіру мәселелері бойынша ұсыныстар жолдады. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы Үкіметтен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге жарияланған мораторийдің мерзімін ұзарту мүмкіндігін қарастыруды сұрап отыр. «2008 жылғы ақпанның 21-і мен желтоқсанның 31-іне дейін енгізілген мораторий кәсіпкерлердің жағдайын біршама жақсарта түсті. Қаңтардың 1-інен бастап партияның Орталық аппаратына салалық қауымдастықтар мен жеке кәсіпкерлерден бақылау жасаушы органдар тарапынан тексерістер көбейгені туралы шағымдар түсе бастады. Оның үстіне, өткен жылдың қараша айында партияның жемқорлыққа қарсы форумында Елбасы тексерістер жөніндегі заңнама оңтайландырылғанға дейін мораторийді ұзарту мәселесін зерделеу туралы Үкіметке ауызша тапсырма берген болатын. Алайда, осы мәселе бойынша Үкімет жүргізген жұмыстың нәтижелерін жариялаған жоқ», деді ол. Үкіметке сонымен қатар, «Нұр Отан» ХДП-ның Халықтың тұғырнамасын іске асырудың алдын ала мониторингісі жолданды. Онда партияның халық алдында берген уәделері орындалып жатқандығы, 2006 жылдан бастап халық табысына, зейнетақы мөлшеріне, жұмыссыздықтың деңгейі мен білім және денсаулыққа бөлініп отырған қаражаттың көлеміне жүргізілген талдау жұмыстары көрініс тапты.
Соңғы жаңалықтар