«Нұр Отан» ХДП Маңғыстау облыстық филиалы саяси кеңесінің кеңейтілген мәжілісі өтті
АҚТАУ. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Кеше «Нұр Отан» ХДП Маңғыстау облыстық филиалы саяси кеңесінің кеңейтілген мәжілісі өтті.
Жиында партияның Халықтық тұғырнамасын жүзеге асырудың облыстық бағдарламасының 2009 жылғы 1-ші тоқсандағы орындалу барысы, облыстағы бюджеттік мекемелерде қаржы тәртібін сақтаудың жайы туралы және т.б. мәселелер сөз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Мәжіліске қатысқан облыстық филиалдың төрағасы, облыс әкімі Қ. Көшербаев партияның кезектен тыс ХІІ съезіне облыстық партия ұйымынан делегаттар сайлау туралы, партияның жеткен жетістіктері мен бүгінгі дағдарыс жағдайындағы міндеттері туралы сөз сөйледі. «Міндет айқын. Елбасының, Үкіметтің дағдарыс салдарларын бәсеңдетудің бағдарламасындағы және Президент Жолдауындағы тапсырмаларды нақты іске асырудың барлық шараларын жүзеге асыру керек. Бұл өлке жұртшылығы зор сенім артып, жергілікті мәслихаттарға сайлаған депутаттарымыздан бастап, қатардағы партия мүшелерінің, атқарушы билік органдарының кезек күттірмей қолға алатын міндеттері. Тұрғындардың әлеуметтік жағдайларының төмендемеуіне,бағалардың тұрақтауына, қаланың шағынаудандарындағы және қалааралық, ауылішілік жолдардың жөнделуіне бақылау орнату, көгалдандыру, басқа да абаттандыру жұмыстарының ұйытқысы болу да партия ұйымдарына жүктеліп отыр», - деді әкім. Елбасының әрбір ауылдық округтерден бастап, аудан, қалалардың бюджеттік қаржыларының орынды жұмсалуын қадағалау туралы тапсырмасына сай жұмыс жүргізу үшін партия филиалының жанынан бақылау комитеті құрылды. Бұл комитет сыбайлас жемқорлықпен, мемлекет қаржысын талан-таражға салушылармен күресетін болады. Саяси кеңес отырысында осындай айқын міндеттер нақтыланып, партияның ХІІ съезіне облыс партия ұйымынан 25 делегат сайланды. Сондай-ақ бір топ партия белсенділеріне Партияның 10 жылдық мерейтойы құрметіне Партияның Орталық аппаратының Алғыс хаттары тапсырылды.