«Нұр Отан» ХДП-ның Алматы облыстық филиалының заңгерлері «Жол картасы» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан істерге тексеріс жүргізуде
АЛМАТЫ. Тамыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасы бойынша «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының заңгері Е. Қасымбаев пен Алматы облысы бойынша қаржылық бақылау инспекциясының бас маманы А. Қызылбаев Шарын, Шонжы ауылдарында «Жол картасы» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан істерге тексеріс жұмыстарын жүргізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Тексеріс тобының мүшелері Шонжы ауылындағы бес үйдің, күл - қоқыс төгетін орындары мен көшелерінде жүргізіліп жатқан құрылыстарды және мектептердің жөндеу жұмыстарын тексеру барысында біраз кемшіліктердің бар екенін анықтаған. Әсіресе Шарын ауылындағы мәдениет үйінің ғимаратына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары кезінде келеңсіздіктер кездескен. Бұл құрылысқа облыстық бюджеттен 14 259 912 теңге қаржы бөлінген.
«Бұл ауылдың мәдениет үйінің ғимаратына күрделі жөндеу жұмысын жүргізуді конкурс бойынша «Құмжота» ЖШС-сі жеңіп алған еді. Келісімшарт бойынша 2 881 113 теңге жұмыс істелуі керек болатын. Бірақ «Құмжота» ЖШС тарапынан күрделі жөндеу жұмыстарына қажетті құрылыс материалдары өз мезгілінде әкелінбей, жұмыс кестесі сақталынбағандықтан, серіктестіктің куәлігінде көрсетілген мекен - жайына келісімшартқа сәйкес бюджетке 117 672 теңге айыппұл төлеу туралы талапхат жіберілді», дейді «Нұр Отан» ХДП Ұйғыр аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Б. Бахтахунов.
Негізі жасалған келісімшарт бойынша құрылыс жұмыстары үстіміздегі жылдың 30-шы тамыз күні аяқталуы керек екен.
Қазіргі уақытта аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі «Құмжота» ЖШС міндеттерін келісімшартқа сай орындамағаны үшін ҚР Азаматтық кодекстің 5 тармағына сәйкес серіктестіктің құжаттарын облыстық экономикалық сотқа жіберуге дайындауда.