14:07, 09 Қаңтар 2009 | GMT +5
«Нұр Отан» ХДП-ның экономикалық және қаржылық жүйені қолдауға бағытталған мемлекеттік қаражаттың атқарылуын бақылайтын Партиялық комиссиясы құрылды
АСТАНА. Қаңтардың 9-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін елордадағы «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратының кеңсесінде партия Төрағасының бірінші орынбасары Дархан Қалетаевтың қатысуымен Партиялық бақылау комитетінің бірінші ұйымдастырушылық отырысы болып өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес форумында аталған Партиялық бақылау комитетінің жемқорлықпен күрестегі рөлі ерекше болатынына тоқталып өткен еді. Осыған орай, өткен 2008 жылы негізгі міндеттерді атқаруға қатысты партия мүшелерінің әрекеттеріне бағытталған ішкіпартиялық тетіктерді бақылауды қалыптастыру мақсатында сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясындағы партияның мығым саясатын жүзеге асыру мақсатында Партиялық бақылау комитеті құрылған болатын. Ал партиялық бақылаудың бірегей жүйесі партиялық-тәртіптік бақылаудан, депутаттық бақылаудан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылаудан және қоғамдық бақылаудан қалыптасатын болады.
Жиын барысында аталған Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Боран Рақымбеков еліміздің экономикалық және қаржылық жүйесінің тұрақтылығына бағытталған мемлекеттік көмектің бөлінуі мен пайдалануы үдерісін бақылайтын Партиялық комиссия құрылғанын мәлім етті. Бұл Партиялық комиссияның төрайымы болып Мәжіліс депутаты Гүлжан Қарағұсова сайланды.
«Республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі кеңестің үлгісі бойынша Партиялық бақылау комитеті де азаматтарды қабылдауды ұйымдастыратын болады. Бұның тиімділігі де мейлінше оң болады деп ойлаймын. Осыған орай, партия мүшелері екі айда бір рет азаматтарды қабылдауды тұрақты жүзеге асыра алады. Бұл үшін қабылдау кестесін бекітіп, сол тәртіп бойынша жұмыс істеу қажет», деді Б. Рақымбеков.