12:44, 13 Ақпан 2009 | GMT +5
«Нұр Отан» ХДП төрағасы бірінші орынбасарының аймақтық филиалдар басшыларымен кездесуінде Елбасының тапсырмалары бойынша жүзеге асырылуы тиіс негізгі мәселелер қозғалды
АСТАНА. Ақпанның 13-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Дархан Қалетаев партияның аймақтық филиалдары басшыларымен кездесті,
![None None](/static/img/plug.webp)
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кездесу барысында партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмалары бойынша таяу уақытта жүзеге асырылуы тиіс негізгі мәселелер айтылды. Бірінші кезекте партияның орталық аппараты мен аймақтық филиалдары экономиканы тұрақтандыру жоспарының орындалуын бақылау керектігін жеткізген Д. Қалетаев, «аталған жоспардың жүзеге асырылуына Үкімет пен партия жауапты. Сондықтан бұл жоспардың орындалуы бойынша нақты бақылау шаралары партияның барлық құрылымдары тарапынан іске асырылуы қажет. Қазіргі кезде аймақтық экономиканы тұрақтандыру жоспарлары қабылданды. Осы орайда өңірлік филиалдар бұл шараларға белсенді түрде кірісуі шарт», - деді.
Сонымен қатар Д. Қалетаев партияның халықтық тұғырнамасының орындалуына қатысты жұмыстарды қадағалауды, 30 корпоративтік көшбасшы бағдарламасының жүзеге асырылуын бақылау, республикалық және аймақтық әлеуметтік бағдарламаларының орындалуына талдау жасау, сондай-ақ студент жастарға мемлекеттік қолдау көрсету жөніндегі Президент бастамасының іске асырылуы тұрғысындағы басты мәселелерді қадағалауды тапсырды.
Мұнымен қоса «Нұр Отан» ХДП төрағасының орынбасары аймақтық филиалдар қоғамдық ұйымдарымен, жұмыс берушілермен, кәсіподақтармен және бизнес құрылымдарымен әлеуметтік тұрақтылықты қолдау туралы меморандумдар жасау бойынша кең көлемде кеңестер өткізу керектігін айтты.