«Нұр Отан» ХДП Жамбыл облыстық филиалы ҚР Президентінің өкілеттігін ұзарту жөніндегі референдумның өтуін бірауыздан қолдап отыр

Аймақ басшысы Қанат Бозымбаев сессияның қатысушыларын филиал атқарған қоғамдық-саяси жұмыстар туралы хабардар етті. Атап айтқанда ол: «Есеп беру кезеңінде 10 500-ге жуық іс-шара ұйымдастырылып, оған екі миллионға жуық халық қатысты, оның ішінде Мемлекет басшысының Жолдауын насихаттау бойынша 475 000-ға тарта адамның қатысуымен 14 000-ға жуық кездесу өткізілді», - деді.
Жамбыл облысының әкімі партияның 10 жылдық мерейтойына қатысты, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шараларға да тоқталып өтті.
Аймақтың экономикалық дамуына тоқтала келген әкім: «Қолға алынған шаралардың арқасында облыс бойынша оң бағыттағы даму қарқыны сақталып отыр, былтырғы жылы өнеркәсіп өнімдері артып, 2009 жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда 14 пайызға артты, яғни 125 млрд. теңгені құрады», - деп атап өтті.
Жиналыс соңында «Нұр Отан» ХДП Жамбыл облыстық филиалының мүшелері Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттік мерзімін 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі референдумның өткізілуіне бірауыздан қолдау білдіретіндіктерін жеткізді.
Сессия жұмысына «Нұр Отан» ХДП аппараты жетекшісінің орынбасары Құмар Ақсақалов қатысты.