12:20, 03 Ақпан 2009 | GMT +5
«Нұр Отан» ХДП және құқық қорғаушылар елордалық жастармен кездесті
АСТАНА. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Бүгін Астанада жастардың санасында жемқорлыққа деген төзбеушілік сезімін қалыптастыру мақсатында «Нұр Отан» ХДП елордалық студент жастармен кездесу өткізді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Отырысқа «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері, Қазақстанның студенттер альянсы, ҚР Бас прокуратурасының және ІІМ қызметкерлері мен Қаржы полициясының өкілдері қатысты. «Парақорлық пен жемқорлықты тек құқық қорғау органдарының күшімен азайту мүмкін емес. Ол қоғамның белсенді қолдауымен шешілетін күрделі мәселе. Біздің мақсатымыз жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жұмыстарын жүргізу негізінде мұндай белсенді азаматтардың қатарын арттыра түсу. Сонымен бірге құзырлы, шенді қызметкерлерге парақорлық пен жемқорлыққа баруға мүмкіншілік бермейтін қоғамдық шарттар жасау», дейді «Нұр Отан» ХДП партиялық бақылау комитетінің төрағасы Боран Рахымбеков.«Осы саладағы «Жас Отан» жастар қанаты мен жастар ұйымдарының атқарып жатқан істері аз емес. Жастар арасындағы сауалнаманың көрсеткеніндей, еліміздің білім жүйесі сыбайлас жемқорлық жайылған салалардың бірі екендігі айқын болды. Соған байланысты Қазақстанның жас буын өкілдері өздері де осы дертке қарсы күресуге мүдделі болулары қажет», дейді «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Өтешов.