«Нұр Отан» Қазақстан халқының мүддесін қорғайтын жалпыұлттық партияға айналды - БҚО
ОРАЛ. 24 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - «Нұр Отан» он бір жылдың ішінде еліміздің қоғамдық-саяси жүйесінде жылдан-жылға басымдық жағдайға ие болып, демократиялық құндылықтарды уағыздаушы және Қазақстан халқының мүддесін қорғаушы жалпыұлттық партияға айналып отыр.
Бұл туралы «Нұр Отан» ХДП Батыс Қазақстан облыстық филиалының есеп беру-сайлау конференциясында айтылды.
Конференцияда «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов баяндама жасады.
- Партияның құрылуы мен оған басшылық ету еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты, - деді ол. - Қазақстан таңдаған бағыттың дұрыстығын халықаралық қауымдастық та мойындап отыр. Оған жуық арада өткен, мемлекет басшыларының басын қосқан ЕҚЫҰ саммиті дәлел. Астана саммиті Қазақстанның және ең алдымен Елбасы, партиямыздың көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың триумфына айналды. Сол күндері барлық қазақстандықтар өз республикасын, әсем қала Астанасын, өз Президентін зор мақтаныш ете алды.
Әрине, Елбасының саясатына бүкіл халық болып қолдау көрсетпегенде, мұның бәріне қол жеткізу мүмкін болмас еді. Бұл жерде сол саясатты жергілікті жерлерде жүзеге асырушы болып табылатын «Нұр Отан» партиясының рөлін атап өту қажет.
Партияның Батыс Қазақстан облыстық филиалы есепті кезеңде өзінің қызметінде партияның ХІІ съезінің шешімдерін, халықтық тұғырнама ережелерін, іс-қимыл бағдарламаларын және облыстық партия филиалының жұмыс жоспарларын, партияның орталық аппаратының тапсырмаларын және басқа да бағдарламалық құжаттарды басшылыққа алды.
Бүгінгі таңда өңірде 319 бастауыш ұйымға біріктірілген 29013 партия мүшесі бар. Есепті мерзім ішінде партия мүшелерінің саны 1633 адамға ұлғайтылды. Сапалық құрамы едәуір жақсарды. 30 жасқа дейінгі жастардың саны өсті.
Партия мүшелерінің есебін жүргізуді күшейту мақсатында оларды электрондық есепке алу бойынша арнайы компьютерлік бағдарлама жасақталып, енгізілді. Мұндай бағдарлама республика бойынша тұңғыш рет партияның БҚО филиалында енгізілгендігін атап өту керек.
Партия филиалдары жанынан құрылған қоғамдық қабылдау бөлмелері халықпен жұмыстың тиімді түрі болып табылады. 2010 жылы қоғамдық қабылдауға 3253 өтініш келіп түссе, соның ішінде 710-ы - жазбаша. Жыл басынан бері азаматтардың 700-ден астам өтініші өкілетті органдарға қарауға жолданды, соның ішінде 610-ы оң шешімін тапты.
Облыстық филиалдың басым бағыттарының бірі жастармен жұмыс болып табылады. Облыста «Жас Отан» жастар қанатының 13 бөлімі жұмыс істейді, олардың құрамында 10 мыңға жуық адамды біріктіретін 382 жастар ұйымы бар.
«Облыстық партия ұйымының алдында тұрған міндеттерді шешу үшін біз:
Біріншіден, барлық партия ұйымдары, азаматтық институттармен тығыз байланыс орнату арқылы «Нұр Отан» партиясының бастамасымен құрылған «Қазақстан-2020» жалпыұлттық демократиялық күштері коалициясының тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттілігін ұзарту туралы референдум өткізуге қолдау көрсетудегі жұмысына белсенді қатысуымыз қажет;
Екіншіден, партия қатарына белсенді адамдарды - бизнесмендерді, бюджеттік ұйымдарда жұмыс істейтін адамдарды, жастарды тарту арқылы партияішілік және ұйымдастыру жұмыстарын жетілдіруіміз керек. Бұған қол жеткізу үшін партияның аумақтық филиалдарындағы жаңадан құрылған бюро құрамдарының жұмысын жергілікті жерлерде жандандырып, маңызды шараларды өткізген жөн;
Үшіншіден, аумақтарды дамытудың өңірлік бағдарламаларының орындалуына қатаң бақылау жасау бойынша мәслихаттардағы партияның депутаттық фракцияларының ықпалын барынша қолданған абзал;
Төртіншіден, бизнес-құрылымдар және үкіметтік емес ұйымдармен бірге құрылған партия институттары арқылы облыс экономикасын кеңінен жетілдіру және әртараптандыру мәселелерімен айналысу керек;
Бесіншіден, партияның қоғамдық қабылдау жұмысының заманауи әдістері мен түрлерін қолдану арқылы азаматтарымыздың мүдделерін тиімді қолдау қажет;
Алтыншыдан, «Жас Отан» жастар қанатының бөлімдерін олардың қызметінің дербес сипатын дамыту және жұмысқа барлық топтарды: оқушы жастарды, жұмыс істейтін және өз-өзімен жұмыстанушы жастарды тарту арқылы нығайтқан дұрыс;
Жетіншіден, бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысты жетілдіру және нығайту, «Нұр Отан» партиясы жүргізіп жатқан жұмыс туралы, барлық бастамалар туралы халықты барынша ақпараттандыру қажет», - деді атап көрсетті Б.Ізмұхамбетов.
Есеп беру-сайлау конференциясында ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов сөз сөйлеп, партия алдында тұрған және білім саласындағы мақсат-міндеттерге кеңінен тоқталды.
«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы болып облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қайтадан сайланды.