«Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының жаңа төрағасы сайланды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов Ақмола облыстық партия филиалының кезектен тыс XXVII конференциясының жұмысына қатысты. Конференция барысында партияның облыстық филиалының төрағасы болып өңір басшысы Мәлік Мырзалин сайланды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Конференция барысында баяндама жасаған Фархад Қуанғанов, Елбасының нұротандықтар алдына қойған негізгі міндетін тағы бір атап өтті.
«Елбасы мемлекеттік бағдарламалардың талапқа сай жүзеге асуын бақылау үшін қоғамдық бақылау орнатуды баса айтқан болатын. Әрі ІІІ жаңғыртуды жүзеге асыру мақсатында Ақмола өңірі бірқатар әлеуметтік-экономикалық жоғарғы көрсеткіштерге ие. Елбасы Қазақстан халқына арнаған өз Жолдауында да әлеуметтік мәселелерді шешуге баса назар аударған болатын»,- деп атап өтті ол.
Бұдан кейін Фархад Қуанғанов Мәлік Мырзалинның кандидатурасын партияның облыстық төрағасы қызметіне тағайындауды ұсынып, Мәлік Мырзалин «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы қызметіне сайланды.
Жаңа сайланған партия филиалының төрағасы үлкен істің тізгінін беріп, зор сенім білдіргені үшін партия мүшелері мен ақмолалықтарға алғысын білдіріп, Елбасының сындарлы саясатын жүзеге асыруда аянбай еңбек етеіндігін жеткізді.
«Бүгінгі кездесуде ортақ мақсат-мүддеден туындап, алдағы ауқымды істі абыроймен атқару міндетін қойып отыр. Маған үлкен істің тізгінін беріп, сенім білдіргендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Қолға алынған әрбір істі нәтижелі атқаруға бар білімімді және тәжірибемді жұмсаймын»,- деді Мырзалин.
Сонымен қатар конференция барысында нұротандықтар Елбасының «Егемен Қазақстан» басылымында жарияланған «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты мақаласына өз пікірлерін білдірді. Партияның Жақсы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кәмилә Мұғалова мәні мен маңызы мол мақаланың тәуелсіз ұрпақ үшін берері мол екендігін айтты.
«Елбасының алға қойған мақсат міндеттері қоғамды серпілістің жаңа сатысына шығарып, дамудың даңғыл жолына салады деген сенімдемін»,- деп өз пікірін білдірді.