«Нұр Отан» партиясы Доктринада айтылған ұлттық құндылықтарды сақтап, өскелең ұрпаққа жеткізуде мазмұнды жұмыс жүргізуде - С. Нұрбек

АСТАНА. 26 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Бейбітшілік және келісім сарайында ұлттық спорт түрлерін дамыту мәселелерін талқылауға арналған жиында сөз алған «Нұр Отан» партиясы Қоғамдық саясат институтының директоры Саясат Нұрбек, ұлттық спорт түрлері - партия Доктринасында айтылған құндылықтарды сақтап, насихаттаумен қатар, халықты біріктіретінін жеткізді. Еске салайық, шара «Самұрық-Қазына» АҚ мен «Нұр Отан» партиясы, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы және өкілдері, сондай-ақ жаттықтырушылар, спортшылар мен ардагерлерінің қатысуымен өткен болатын.

«Нұр Отан» партиясы Доктринада айтылған ұлттық құндылықтарды сақтап, өскелең ұрпаққа жеткізуде мазмұнды жұмыс жүргізуде - С. Нұрбек

«Бір кездері Қазақстан халқының 60 пайыздан астамы ауылдық жерлерде тұрса, қазір керісінше қалаларға қоныс аудару қарқын алып барады. Яғни, қоғамда урбанизация процесі жүруде. Қаладағы жастар өз ата-бабаларының салт-дәстүрінен, төл мәдениетінен ажырап қалмауы керек. Міне, осы мақсатпен ұлттық спорт ойындарын сақтап, ұмытыңқырап бара жатқан түрлерін уақыт көшіне сай дамытуды қолға алып жатырмыз», - деп атап өтті Саясат Нұрбек.

Оның айтуынша, алда еліміз үшін өте маңызды бір шара - «ЕХРО-2017» көрмесін өткізу баршамыздан үлкен дайындықты талап етеді. Көрмеге келген қонақтарға қазақ елінің болмысын, бай мәдениетін барша сән-салтанатымен көрсетуіміз қажет.

«Осы тұрғыдан, «Нұр Отан» партиясы Ұлттық спорт қауымдастығына ұлттық спорт ойындары дамытуға көмек көрсетуге дайын. Партия Доктринада айтылған ұлттық құндылықтарды сақтап, өскелең ұрпаққа жеткізуде мазмұнды жұмыс жүргізуде», - деді Саясат Нұрбек.