«Нұр Отан» партиясы мүшелерінің жартысынан астамы - нәзік жандылар
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясының құрамындағылардың 60 пайыздан астамы - нәзік жандылар. Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XVII съезінде сөз сөйлеген Каспий өңірлік заманауи колледжінің директоры Бақыткүл Хаменова мәлім етті.
Жас ұрпақты техникалық кәсіпке баулитын 780 колледжде еңбек ететін 38 мың ұстаздың және жарты миллион шәкірттің атынан Елбасына зор алғыс білдіретініне тоқталған ол: «Бүгінгі таңда Қазақстан үшін ең қажеттісі техникалық кәсіп иелері, Сіз жолын ашқан мыңдаған жас - «Нұрлы жолдың», индустриалды даму бағдарламасының мамандары», - деді Президентке қаратып айтқан сөзінде.
Бақыткүл Хаменова өзі басшылық етіп отырған колледж 15 мамандық бойынша білім беріліп жатқанын, түлектер жоғары сұранысқа ие болып отырғанын, яғни болашақ жұмыстарын өздері таңдайтынын атап өтті. Қазір Атырау өңіріндегі трансұлттық компаниялар білікті мамандарды алыстан іздеп әуре болмайды.
«Бүгінгі күні бірлік пен бейбітшіліктің басты ұстанымы болған «Нұр Отан» партиясының 940 мың мүшесінің 62 пайызы - әйел аналар. Әрине, әлемдегі толқулар әрбір ананы алаңдататыны хақ. Әрбір ананың арманы -тұрақтылық, тыныштық, бейбітшілік пен ұрпағының алаңсыз болашағы»,-деді ол.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайындағы ҚР Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен партияның кезектен тыс XVII съезі өтті. Съезд қорытындысы бойынша партияның Сайлауалды бағдарламасы қабылданып, ағымдағы жылғы 20 наурызда өтетін ҚР Парламент Мәжілісінің сайлауалды үміткерлердің партиялық тізімі бекітілді. Сонымен қатар, съезд партия Саяси кеңесінің құрамындағы өзгерістерді қарады.