«Нұр Отан» партиясы ЖОО студенттеріне жеңілдетілген несиелерді беру шарттарын өзгерту ұсынысымен шықпақ ? С.Громов
АСТАНА. Сәуірдің 6-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - «Нұр Отан» ХДП жоғары оқу орындарының студенттеріне жеңілдетілген несиелер беру шарттарын өзгерту ұсынысымен шықпақ. Бұл туралы бүгін партияның Астана қалалық филиалы Саяси кеңесінің отырысында «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратының хатшысы Сергей Громов мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елбасының тапсырмасымен ЖОО-ларда оқитын студенттерге қосымша гранттар бөлініп, алдын ала белгіленген санаттарға жататын студенттерге ұзақ мерзімді жеңілдетілген несиелер беріле бастады. Бірақ несиелерді беру ойдағыдай жүзеге асырылмай жатқаны белгілі. 40 мыңға жуық студентті несиелендіруге 15 млрд. теңге бөлінді. Алайда, бүгінгі күнге дейін несие алуға республика бойынша 2 мың ғана өтініш түскен. Осыған орай, аймақтардан несие алудың шарттарын өзгерту ұсыныстары көптеп түсіп жатыр», - деді ол. Бұл мәселені «Нұр Отан» партиясы мен «Жас отан» жастар қанаты жете зерделеп, алдағы уақытта несие алу мүмкіндіктерінің ауқымын кеңейту жөніндегі ұсыныстармен шықпақ. Сондай-ақ С.Громов жергілікті деңгейдегі мәселелерді шешу үшін партияның аймақтық филиалдарына жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылдар жоспарын әзірлеу қажеттігін алға тартты. «Осы орайда партиялардың қоғамдық қабылдау бөлімдерінің жұмысын жандандыру қажет. 2005 жылдан бері қабылдау бөлімдеріне азаматтардан келіп түскен шағымдар 10 есеге артты. Тек Астананың өзінде 2009 жылдың бірінші тоқсанында 1287 шағым түсті. Көрсеткіш өткен жылдан 50 пайызға көп. Әрине, бұл қоғамдық бөлімдердің жұртшылық арасында сенімділігінің артуы. Бірақ көңілді халық проблемалары қаншалықты сапалы шешімін тауып жатқандығына аударғым келеді. Бұған қатысты құзырлы мемлекеттік органдардан есеп алып отыруды көздеп отырмыз», - деді хатшы.