Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

«Нұр Отан» партиясында жемқорлықпен күрес мәселелеріне арналған заң жобасы талқыланды

АСТАНА. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін «Нұр Отан» халықтық- демократиялық партиясының аппаратында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына байланысты дөңгелек үстел отырысы өтті,

«Нұр Отан» партиясында жемқорлықпен күрес мәселелеріне арналған заң жобасы талқыланды
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталмыш шараға Парламент депутаттары мен Жоғарғы соттың және Бас прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, министрліктер мен ведомстволардың және еліміздегі бірқатар саяси партиялардың өкілдері қатысты. Отырыста күн тәртібіндегі мәселеге қатысты сөз қозғаған «Нұр Отан» партиясының Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Боран Рахымбековтың айтуынша, заң жобасы Елбасының «Нұр Отан» партиясының 2008 жылғы Саяси кеңесінің отырысында жемқорлыққа байланысты көтерген мәселелеріне орай дайындалған. «Саяси кеңестің мәжілісінде Мемлекет басшысы жемқорлықпен күреске бағытталған ұлттық жоспардың басым бағыттарының бірі ретінде жемқорлықпен күрес заңнамасын жетілдіруді атады. Осыған орай біз арнайы мәжіліс ұйымдастырып, онда құжатқа енгізілуі тиіс бірқатар пікір-ұсыныстарды сарапқа салғанбыз. Нәтижесінде заң жобасына мемлекеттік қызметкерлердің кірісін анықтау, салық заңнамасын жетілдіру, куәгерлерді қорғау институтын нығайту мәселесін енгізу қажет деп шештік. Талқыланып отырған заң жобасын дайындауда біздің көптеген ұсыныстарымыз ескеріліп, олар құжаттан кеңінен көрініс тапты», - деді комитет төрағасы. Қазіргі таңда Мәжілісте талқыланып жатқан заң жобасына Парламент депутаттары да бірқатар өзгерістер мен түзетулер енгізген. «Бүгін бізге осы құжатты тағы бір пысықтап шығып, кем-кетігімізді анықтауға мүмкіндік туып отыр», - деді Боран Рахымбеков. Мәжіліске қатысушылар заң жобасына қатысты ұсыныстарын айтып, өзара пікір алмасты.