«Нұр Отан» партиясының барлық деңгейдегі филиалдарында жемқорлыққа қарсы форумдар өтуде - О.Петерс
sp;АСТАНА. Желтоқсанның 1-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - «Нұр Отан» партиясының барлық аймақтық және аумақтық филиалдарында өткен қараша айының 10-ынан үстіміздегі желтоқсанның 10-на дейін жемқорлыққа қарсы форумдар өтуде.
Бұл туралы бүгін журналистерге партияның ресми өкілі Оксана Петерс жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қараша айында өткен алғашқы форум жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыруға, індетке қарсы іс-әрекет ету мақсатымен мемлекеттік және қоғамдық институттарды біріктіруге айтарлықтай үлес қосты. Жемқорлыққа қарсы форумды тұрақты сұхбат алаңына айналдыру жөнінде шешім қабылданды», - деді ресми өкіл.
Қазіргі уақытта өңірлерде өтіп жатқан форумдарда, 2008 жылғы қарашаның 6-сында өткен жемқорлыққа қарсы алғашқы форумда Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүктеген тапсырмаларының орындалу нәтижесі, сондай-ақ партия филиалдарының осы бағытта 2009 жылы атқарған жұмыстары қорытындыланып, бағдарламаны іске асырудың басқа да жолдары айқындалуда.
Сондай-ақ шара аясында «Өзіңнен баста», «Ашық есік күндері» акциялары өткізіліп, «Жемқорлыққа қарсы үздік үнпарақ», «Жемқорлықпен күрес шараларын жан-жақты қамтып, үздік насихаттаушы» сайыстарының қорытындысы шығарылып, әлеуметтік сауалнамалар ұйымдастырылады.
Форум бүгін, желтоқсанның 1-і күні Алматыда, ертең Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында, желтоқсанның 3-і Ақмолада, желтоқсанның 4-інде - Батыс Қазақстанда, желтоқсанның 7-сі Астана қаласы мен Жамбыл облысында өтеді.