«Нұр Отан» партиясының өкілдері «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасын іске асыру мақсатында арнайы акция ұйымдастырмақ

Бұл туралы бүгін аталмыш мәселеге байланысты журналистермен кездескен партияның Қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Жұмажан Жүкенов мәлім етті.
Оның айтуынша, аталмыш шара «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасын іске асырудың шарттары мен тетіктері туралы шағын және орта бизнес өкілдеріне кеңінен ақпарат тарату мақсатында ұйымдастырылмақшы. Акция партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінің барлығында өтеді. Осы күні «Нұр Отан» партиясының қабылдау бөлмелеріне Экономикалық даму және сауда министрлігінің басшылары мен облыс әкімдерінің орынбасарлары, Кәсіпкерлікті дамыту және қолдау жөніндегі бөлімдердің облыстағы жетекшілері, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының және екінші деңгейлі банктердің басшылары келеді.
«Нұр Отан» партиясы республиканың барлық кәсіпкерлік секторының өкілдеріне, «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасына қатысу арқылы бизнестерін одан әрі дамытуға тиісті жауаптар мен кеңестер алу үшін мемлекеттік органдар мен даму институттары, екінші деңгейлі банктермен тікелей хабарласу мүмкіндігін пайдалануға шақырады», деді Қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі.