«Нұр Отан» партиясының өкілдері енді аймақтардағы азық-түлік пен әлеуметтік қызмет түрлерін күнбе-күн бақылап отырады ? Е.Қарин

АСТАНА. Ақпанның 5-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының өкілдері бүгіннен бастап, ұлттық валютаның девальвациясына байланысты ел аймақтарындағы азық-түлік өнімдері мен әлеуметтік қызмет көрсету бағаларына мониторинг жүргізіп отыратын болады.
None
None
Бұл туралы бүгін аталмыш мәселеге орай журналистермен арнайы кездескен «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ерлан Қарин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, партия өкілдері осы уақытқа дейін мұндай мониторинг жұмыстарын ай сайын жүргізіп келген. «Ал кеше Үкімет пен Ұлттық банк теңгенің девальвацияланғандығын жария етті. Мұндай жағдайда елдегі азық-түлік пен әлеуметтік қызмет түрлерінің қымбаттауы мүмкіндігін ескере отырып, біз мониторинг жұмыстарын күн сайын өткізуді жөн санап отырмыз. Ондағы мақсат азық-түлік пен қызмет түрлерінің бағасына қатысты Үкіметтің назарына жан-жақты нақтыланған ақпараттарды жеткізе отырып, елдегі жағдайдың оңалуына ықпал ету. Өздеріңізге белгілі, халықтың әлеуметтік жағдайына байланысты мұндай сараптама жұмыстарын мемлекеттік органдар да жүргізіп отырады. Соған қарамастан бұл іске біз де белсенді атсалысқанды жөн санап отырмыз. Өз кезегінде ол елдегі баға саясатына қатысты мәліметтердің айқын әрі баламалы болуына мүмкіндік береді», - деді хатшы. Партия өкілдері негізінен республикадағы азық-түлік өнімдері мен жанар-жағармайдың және коммуналдық қызметтер мен қоғамдық көлік бағаларының құбылуын бақылап отырмақ. «Бұны біз дұрыс шешім деп есептейміз. Өйткені Үкімет пен Ұлттық банктің кешегі шешімінен кейін көптеген аймақтарда азық-түлік пен қызмет түрлеріне қатысты бағалар түрлене бастады. Олардың көбі бағаны негізсіз көтеріп отыр. Осы мәселелердің барлығынан Үкімет хабардар болып отырса дейміз», - деді Е.Қарин.
Соңғы жаңалықтар