«Нұр Отан» партиясының РСШ өкілдері Алматыда кәсіпкерлер, ардагерлер және жастар ұйымдарымен кездесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясының Республикалық сайлауалды штабы (РСШ) Партия Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметовтың басшылығымен еліміздің оңтүстік астанасына барды. Алматыда РСШ өкілдері үгіт-насихат бағдарламасы аясында қала кәсіпкерлерімен, ардагерлер және патриоттық актив мүшелерімен, жастар ұйымдарымен кездесті. Сондай-ақ сайлаушылардың үйлерін аралап, партияның сайлауалды бағдарламасын тұрғындарға таныстырып, олардың ұсыныс-тілектерін естіп қайтты, деп хабарлайды партияның баспасөз қызметі.

«Нұр Отан» партиясының РСШ өкілдері Алматыда кәсіпкерлер, ардагерлер және жастар ұйымдарымен кездесті

Республикалық сайлауалды штаб делегациясының құрамында ҚР Парламенті Мәжілісінің V-шақырылымының депутаттары, партия саяси кеңес бюросының мүшесі Нұрлан Әбдіров, «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің төрағасы Мәулен Әшімбаев, сонымен қатар, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингі» АҚ басқарма Төрағасы Қуандық Бишімбаев, «Бауыржан» қайырымдылық қорының жетекшісі Жұлдыз Омарбекова, эстрада әншісі Жанар Дұғалова және т.б. танымал тұлғалар бар.

Штаб мүшелерінің алғашқы кездесуі қала кәсіпкерлерімен болды. Жиын барысында партия өкілдері еліміздің оңтүстіктегі осынау ірі қаласының - ең ірі әрі өте қарқынды дамып келе жатқан мегаполис екенін атап өтті. «Бұл шаһар бизнестің даму көрсеткіші бойынша көш бастап тұр. Шағын және орта бизнес қала бюджетіне салық түсімінің 43%, жалпы аймақтық өнімнің 34% және жартысынынан астам қала тұрғынын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

«Нұр Отан» партиясының Республикалық сайлауалды штабының мүшесі Қуандық Бишімбаев өз сөзінде: «Нұр Отан» партиясының жаңа сайлауалды бағдарламасында экономикалық жаңғыртуға ерекше мән берілген. Қазір күллі әлемде белең алып жатқан сын-қатерлерге тойтарыс бере отыра біз өркениеті өрге озған отыз елмен терезімізді теңестіруіміз қажет. Бұл ретте бізге аянып қалмау керек», - деді.

«Кез келген кәсіпкердің жүйелі жоспары болмаса, оның іс-әрекетінен ешқандай нәтиже шықпайды. Бұл тұрғыда Қазақстандық бизнесмендердің бағы бар деп айтуға болады. Еліміздің сараланған саяси күші дамудың даңғыл жолында үнемі қолдау білдіріп, жетістікке жетудің жолдарын айшықтайды. Сол себепті де, біз, қашан да «Нұр Отан» партиясымен біргеміз», - деп ойын сабақтады Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Ерлан Стамбеков.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ Алматы қаласы филиал директоры Алмат Нұрахметов ел алдында шағын және орта бизнеске тиесілі үлестің ішкі жалпы өнімін 2050 жылға дейін 50%-ға арттыру тапсырмасы жүктелгенін айтты: «Бұл өте дұрыс. Әлемдік аренада іскерлік климатымызды айғақтайтын сатыда еліміз 41-орында. «Нұр Отан» партиясының жаңа сайлауалды бағдарламасы межені мінсіз атқаруға пәрмен беретіндігіне сенімдіміз».

«Мемлекеттің жаппай жекешелендіру жүргізуі, салық саласындағы реформасы отандық бизнестің дамуына мейлінші мүмкіндіктер береді. Бұл өте құптарлық іс. Іскери қауым өкілдері бастаманы тек бағалап қана қоймай экономиканы қуаттандыру жолында барын салатын болады», - деді белгілі кәсіпкер, «Алтын жүрек» сыйлығының иегері Құсман Шалабаев.

Айта кетейік, шағын және орта бизнес Алматы қаласының экономикасының негізі. Соңғы 4 жылдың ішінде ШОБ өкілдерінің өндірген өнім көлемі 2,1 есеге артқан. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында құны 146,7 млрд. теңгені құрайтын 592 жоба жүзеге асқан. 5,8 мың жаңа жұмыс орындары ашылған, 7,9 мың адам оқытылған.

Республикалық сайлауалды штаб мүшелері Әскер үйінде Ауған соғыстар ардагерлерінің «Ардагерлер Одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің 200-ден астам өкілдерімен кездесті. Бұл бірлестік 2005 жылы құрылған. Қазіргі күні Алматы қаласында барлығы Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері және Чернобль АЭС-і апатын жоюға қатысқан 917 адам бар. Одақтың басты мақсаты - осы ардагерлердің кәсіби құқығын қалпына келтіріп, жұмыспен қамтамасыз ету және тегін медициналық көмекпен, баспанамен қамтамасыз ету, материалдық жағдайларын жақсарту. Келелі кездесу барысында үгіт-насихат топ мүшелері «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасының басты бағыттарының бірі, ол - қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту екенін атап өтті.

Штаб мүшелері Мемлекет басшысы партия алдына халықты толғандыратын мәмелелерге көп көңіл бөліп, осы істердің басында болуды тапсырғанын айтты. Осы бағытта партияның тәжірбесі жеткілікті. Партиялық бөлімшелердің көмек көрсетуінің арқасында 22 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан жұмысқа орналаса алды. Қазіргі күні Қазақстанның әр аймағында ардагерлердің мәселелерін шешу үшін партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері жұмыс жасап жатыр. Олар 2015 жылдың өзінде 46 мыңға жуық азаматты қабылдаған. Халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобына 9 млн. теңге қаржы көлемінде көмек көрсетілген.

Кездесуге қатысқан Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Пернебек Момынұлы: «Нұрсұлтан Әбішұлына ол барлығын дұрыс жасап отырғанын айтыңыздар. Біз ардагерлер оны толықтай қолдаймыз, құптаймыз. Ешкімді тыңдамаңыз. Назарбаевтың арқасында Қазақстанды әлем танып отыр, немерелеріміздің қарыны тоқ, киімі көк. Егде жастағы елпілдеген қарттардың бұдан артық арманы бар ма? Осы қарқыннан таймасын», - деді.

Республикалық сайлауалды штаб өкілдері білім және ғылымды дамыту үшін жаңа мемлекеттік бағдарлама қажеттілігі жайлы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті студенттерімен өткен алқалы жиында баса айтты. 2017 жылдан бастап «Барлығына арналған тегін кәсіби-техникалық білім» атты жаңа жоба іске қосылады. Ал, 2019 жылдан бастап мектеп түлектері бірінші тегін кәсіби мамандықты игеріп шығатын болады. Нұротандықтар жастарды алдағы сайлауда белсенділік танытып, өз болашақтары үшін дауыс беруге шақырды.

Өз кезегінде белсенді жастар өкілінің бірі, Алматы қаласы бойынша «Болашақ» Корпоративтік қор директоры Қымбат Бейсекина былай деді: «Біздің елімізде жастарға барлық жағдай жасалған. Мемлекет есебінен əлемнің кез келген үздік оқу орнында оқи аламыз, бізде халықаралық талаптарға сай университеттер ашылып жатыр, біз үшін заманауи спорт кешендері тұрғызылуда. Ең басты бұл елде біздің болашағымыз бар».

РСШ өкілдері тек кездесулермен шектелмей, «Есіктен есікке» акциясы аясында сайлаушылардың үйлерін аралады. Партияның бағдарламасын таныстырып қана қоймай, Алматы қаласының тұрғындарының толғандырып жүрген мәселерін де біліп қайты.

Айта кетейік, Алматы қаласында 9 сайлауалды штаб құрылған. Оларда бір жарым мыңнан астам сенімді өкілдермен партия белсенділері қызмет атқаруда. Қалалық мәслихат депутаттығына «Нұр Отан» партиясының тізімі бойынша 35 үміткер ұсынылған.