«Нұр Отанның» жаңа Доктринасы - тың белестерге бастайтын ғасыр құжаты» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 10 қазан. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 10 қазан, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен ЭКСПО-2017-ні ұйымдастыру және өткізудің Ұлттық жоспары жасалды. Бұл Ұлттық жоспарды іс-жүзіне асыру міндеті арнайы құрылған «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-қа жүктелді. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газеті атқарылып жатқан жұмыстар мен алда тұрған міндеттер хақында осы акционерлік қоғамның басқарма төрағасы Талғат Ермегияевті әңгімеге тартқан екен.

«Қазіргі кезде ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің Тіркеу құжаттамасы әзірленіп болды. Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) талаптарына сай көрмені қабылдайтын қала көрмені сәтті ұйымдастыруға бағытталған, негізгі іс-әрекеттерді сипаттайтын, сонымен қатар, олардың орындалу мерзімін белгілеген көрме құжаттарының жинағын ұсыну керек. Тіркеу құжаттамасы бекітілмейінше, біз Халықаралық көрмелер бюросының туын ала алмаймыз. ХКБ-ның бүкіләлемдік көрмелер өткізу жөніндегі өзінің заңнамалары бар. Көрме өтетін елге келетін адамдар мен тасылатын жүктерді мемлекеттер арасындағы кеден салығынан босату және басқа тәртіптері бар. Осыған байланысты біз заң жобасын жасап жатырмыз», - дейді Т. Ермегияев.

Оның мәліметінше, жалпы, 2017 жылы ЭКСПО көрмесіне 2-3 млн. адам келеді, ал оның 85 пайызын қазақстандық азаматтар құрайды. Сонымен қатар, Елбасы Қытайда ресми сапарымен болған кезде, 2017 жылды Қазақстандағы Қытай туризмі жылы деп жариялау туралы ҚХР Төрағасымен келісті. Сонда елімізге келуші туристер қатары артады және ҚХР-дың арнаулы павильоны салынатын болады. Сөйтіп, Қытай елі бізге өте ауқымды іс-шараны өткізуге көмектесетін болады.

«Ерекше түсіндіріп өтетін бір мәселе, ЭКСПО-ның екі түрі бар. Біріншісі - алты ай мерзімге созылатын Бүкіләлемдік әмбебап көрме, мұнда көрмеге қатысатын мемлекеттер өз павильондарын өздері салады. Екіншісі - үш ай мерзімге созылатын мамандандырылған көрме. 2017 жылы Астанада өтетін көрме де дәл осындай. Мамандандырылған көрмеде барлық павильондарды көрме өткізетін ел салады. Яғни, ЭКСПО-2017 қалашығындағы павильондарды біз өзіміз саламыз. Бұл ретте біз қазірдің өзінде құрылыс жобасын жасаушыларға тапсырма бердік. Әрбір павильонның биіктігі 8 метрден кем болмауы керек. Яғни, көрме өткеннен кейін бос қалған бұл павильондарға әрбір 4 метрден кейін еден және төбе салатындай мүмкіндік жасаймыз. Павильондар берік тұғырларға қондырылған едендер арқылы бөлініп, көп қабатты ғимараттарға айналады», - деп атап өтті ол.

Мақалада ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысты басқа да мәселелер туралы егжей-тегжейлі баяндалады.

Мақала «Ұлттың ұлылығын ұлықтайтын тұс» деген тақырыппен берілген.

Еліміздегі жетекші саяси ұйымдардың бірегейі - «Нұр Отан» халықтық-демокра­­тиялық партиясы әрқашан заман талабына сай, болашаққа байыпты бағдарлама жасай отырып, қоғамдағы және әлемдегі зәруліктерге жіті қарап келеді. Соның бір айқын дәлелі - партияның қоғамдық талқылауға ұсынған жаңа Доктринасы. Яғни үлкен нәтижелерге қол жеткізуді дәстүрге айналдырған «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы жақында ғана «Нұр Отан». Нұрлы болашақ жолында!» деп аталатын жаңа Саяси доктринаның жобасын халыққа ұсынған болатын. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы «Нұр Отанның» жаңа Доктринасы - тың белестерге бастайтын ғасыр құжаты» атты мақалада айтылған.

«Бұл Доктрина Елбасы, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша әзірленіп, 3 бағыт пен 7 басымдықтан тұрады. Осыған орай қазір партияның төменгі буындарында қазанның 18-інде Астанада өтетін билік партиясының кезекті XV съезіне ұсынылатын «Нұр Отан». Нұрлы болашақ жолында!» аталатын партияның жаңа Саяси доктринасы жан-жақты талқылануда. Ол түсінікті де. Өйткені, бұл партияның болашақтағы жұмыс жоспары, бағыт-бағдары, идеологиясы болмақшы», - дейді мақала авторы ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Дария Қожамжарова.

Автордың айтуынша, Елбасымыз «Қазақстан-2050» Стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында айқындалған жаңа саяси бағыттарға байланысты күн тәртібіне шыққан өзекті жайттар сан мыңдаған отандастарды өз қатарына топтастырған «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы қызметінің басты бағыттарын стратегиялық тұрғыда қайтадан ой елегінен өткізуді талап етіп отырғандығы да шындық. Доктринада «Нұр Отан» партиясының рөлі өте жоғары. Бұрын партиямыз тек биліктің партиясы деп есептеліп келсе, енді бұл Доктринаның арқасында жалпыхалықтық партия мәртебесін алмақшы.

«Доктрина Қазақстанды жедел дамыту мақсатында елдің адами, интеллектуалдық мүмкіндігін жандандыру мен жұмылдыруға, әрбір қазақстандықтың лайықты өмір сүру деңгейіне жетуге, республика Конституциясы кепілдік берген азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау мен қорғауға бағытталмақ. Осылайша еліміздегі саяси жүйенің негізгі бөлігі болып табылатын «Нұр Отан» партиясы халық мүддесін көздей отырып, еліміздегі әр алуан партиялардың қатарынан суырылып шығып, азаматтық бастамаларды дамыту үшін жағдай жасауға ұмтылып, саяси кеңістікте нағыз халықтық партия екендігін дәлелдеп берді», - дейді Д. Қожамжарова.

***

«Сараңдық» пен «байлық» сөзі бір-біріне үйлеспейтін секілді. Бірақ «шық бермес Шығайбайлардың» өмірде болғаны рас.

«Бай байыған сайын қалтырай түседі» демекші, миллиондаған, миллиардтаған қаржысы бола тұра сараңдыққа салынатын, жиған-тергенін өзіне де қимайтын миллионерлер әлемде көп екен, деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Ең сараң миллионер кім?» деген мақаласында.

Басылымның жазуынша, АҚШ ғалымдары байлардың жұмсаған қаржысы мен өмір сүру салтына қарай олардың қолының қаншалықты ашық екенін зерттеген. Нәтижесінде әрбір төртінші миллионердің құны 100 доллардан аспайтын аяқкиім киетінін, әрбір оныншы бай небәрі 200 долларға костюм алып киетінін анықтаған. Тіпті адамның мансабы мен мәдениетін айшықтайтын, байлардың ең сүйікті бұйымы саналатын қымбат сағаттарды да әлемдегі манаптардың тең жартысы ғана таға алады екен. Сондай-ақ зауыттан жаңа шыққан қымбат көліктерді байлардың 10/3-і ғана мінетін көрінеді. Мұндай қымбат көліктерді мінетін миллионерлердің арасынан да сараңдар табылып қалатын көрінеді. Мәселен, Ұлыбританияда ақшасын шашқысы келмеген манаптар көлік пен оны қалада айдауға салынатын салықтан бұлтарып, аталмыш салықты такси жүргізушісі ретінде төлейді екен. Ал такси жүргізушілеріне мемлекет тарапынан бірқатар жеңілдіктер берілген. Жолаушы тасымалдайтын жүргізушілер қала орталығына кіру үшін 82 фунт стерлинг төлесе, көлік иелеріне 90 фунт стерлинг төлеу міндеттелген. Осы арадағы сегіз стерлингке бола «Maserati», «Aston Martin», «Bentley», «Cadillac», «Maybach», «Jaguar», «Rolls-Royce» секілді қымбат көліктердің иесі өздерін «такси жүргізушісімін» деп таныстыруға мәжбүр. Күлкілі, әрине. Бірақ бұл жайт бізге де таңсық емес. Қазақстанда да кәсібін домалатқан талай кәсіпкердің салықтан бұлтарып, түрлі айлаларға барып жатқанын күнделікті жаңалықтардан естіп, біліп жүрміз.

«Ең сараң бай әйел ретінде «Гиннес рекордтар кітабына» енген Гетти Грин екен. Оның сараңдығы жайлы түрлі аңыз әңгімелер әлі де айтылады. Жасынан ақшаға құныққан Гетти экономикалық газеттерді оқып, елдегі қаржылық жағдаймен танысып, ақша табудың қыр-сырына қанығады. Кәсібі өрге домалаған әулеттен шыққанына қарамастан, ол әрбір үйге кірген тиынды есептеп, үнемдеп отырады. Тіпті қайтыс болған тәтесінің 2 миллион доллар мұрасын қайырымдылық қорына аударуды тапсырғанын естіп, соттасуға дейін барады. Нәтижесінде бұл қомақты қаржы Геттидің қалтасында қалады. Содан бастап қайырымсыз әйел «Уол-Стриттің мыстаны» атанып кетеді. Иә, жұрт оны бекерге бұлай атамаған. Біріншіден, ол өмір бойы өңі кеткен қара көйлекпен жүретін болған. Жұртқа өсіммен миллиондап ақша беретін Гетти қаланың ең арзан асханаларынан тамақтанып, мейрамханалардың жуындысына тасталатын сүйекті итіне алып келіп отырған. Ал оның сұмдық сараңдығын баласымен болған жайт дәлелдей түсті. Кәсіпкер әйелдің кішкентай баласы Нэд ойнап жүріп аяғын сындырып алады. Сонда әлемнің ең бай әйелі саналатын Гетти баласын кедейлерді тегін емдейтін емханаға апарады. Дұрыс күтім болмағандықтан, дәрігерлер ұлының аяғын кеседі. 80 жасында қайтыс болған Гетти Грин - әлемдегі ең алғашқы бай әйел әрі ең сараң миллионер. Байқұс әйел артында қалған 100-200 миллион доллар (бүгінгі ақша құнымен өлшегенде миллиардқа жетеді) ақшасының қызығын көре алмай кетті. Оның өлімін жақындатқан да осы сараңдығы болса керек. Кейбір дереккөздеріне сенсек, ол майлы сүт алып, иесі ойлағаннан да артық ақша жұмсап қойған ас дайындаушысымен сөз таластырып тұрғанда жүрегі сыр беріп, қайтыс болған», - деп жазады «Айқын».

Соңғы күндері, әсіресе, Григорий Марченко қызметінен кеткелі, «теңгенің бағамы әлсірейді, алда девальвация күтіп тұр» деген сыбыс құлақ тұндыруда, деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Девальвация үрей шақырды» атты мақаласында.

Басылымның жазуынша, Марченко кетерінен азғана бұрын девальвация болады деген дақпыртқа сеніп, арандап қалмау керектігін және мұнай бағасының халықаралық нарықтарда жоғары болып тұрғанда теңгенің құнсызданбайтынын мәлімдеген болатын. Кейбір сарапшылар Марченконың кетуін осы алда күтіп тұрған девальвациямен байланыстыратындықтарын жасырмайды. Бірақ ол еш негізсіз айтыла салынған пікір екендігі анық. Марченко «девальвация, егер көршіміз ресейліктер рублін девальвацияға ұшыратса ғана, біздің теңгені де соғуы мүмкін, оған мұнайдың халықаралық нарықтағы бағасының төмендеуі ғана ықпал ете алады. Әзірше өздеріңіз білесіздер, мұнайдың таяу жылдары өз позициясын бере қоятын түрі байқалмайды. Сондықтан азаматтар алдымен мұнай бағасының беталысына қарай болжам жасауы тиіс» деген болатын. Бірақ Марченко мырзаның тек сыртқы факторларды ғана есепке алып, ішкі нарықтағы валюталық саясатқа талдау жасамағаны өкінішті.

Жақында ғана Мұнай-газ министрі Ұзақбай Қарабалин көмірсутек бағасына төніп тұрған қауіптің жоқ екендігін мәлімдеді. Оның Kazenеrgy еуразиялық форумында айтқан пікірі бойынша 2030 жылы мұнайдың бір баррелі 150 доллардан айналуы мүмкін. Ал осы онжылдықта бір баррель 120 доллар деңгейіне дейін көтерілуі ықтимал екен. Шындығына келгенде, әлем қанша жерден энергияның балама түрлеріне қарай бет бұрғанына қарамастан, мұнай мен газ әлі де талай жылдар бойы негізгі қуат көзі болып қала беретініне сөз жоқ. Қарабалин мырзаның айтуынша, АҚШ қатты көмірсутек өндірісін белсендіре түсуге ұмтылуда. Өйткені бұл елді мұнай экспортын алға шығаруға ықпал етпек. Қытай болса, жетекші экспортшылар қатарына енді, алдағы 10 жылда ол осы салада көшбасшылық рөлді атқармақшы көрінеді.

Ал кейбір отандық сарапшылар теңге девальвациясының бүгін-ақ басталып кеткенін алға тартуда. Инновациялық экономика ғылыми-зерттеу институтының директоры, сарапшы Мағбат Спанов теңге девальвациясының басталуының нышандарын еліміздегі салықты көтеру туралы шаралардан-ақ байқауға болатынын айтады. Оның пікірінше, мемлекет белігілі бір инфрақұрылымдық жобаларға резервтер іздестіруде, ал екінші бір жобаларды біржола жауып тастамақ. «Себебі теңгенің долларға шаққандағы бағасы күн сайын 10-20 тиынға өзгеруде. Егер елдің ішіндегі саясат өзгермесе, біз девальвацияға өтер шекараға да жетеміз» дейді ол.

Сарапшы, экономика ғылымдарының кандидаты Ілияс Исаев теңгені құнсыздандыруға жол ашып отырған бірнеше ішкі факторлар ретінде мыналарды атады: біріншіден, тауарлар мен азық-түлік бағаларын бақылаусыз бос жібергеніміз, екіншіден, айырбас пункттерінің иелерінің ойына келген бағамды қоя салуы, үшіншіден, теңгенің ішкі нарықтағы айналымының шеңберінің тарылуы, төртіншіден, коммерциялық банктердің тізгінін бос қоюымыз.

Қорыта келгенде, егер Ресей рублі девальвацияға ұшыраса, Қазақстан да өзінің бәсекеге қабілеттілігін сақтау мақсатында сондай шараларға баруы әбден мүмкін екен. Өйткені біз Кедендік одақтың мүшесіміз, бір кемедегінің жаны бір дегеннің нағыз өзі болып тұр. Бұл, сарапшылардың айтуынша, елде нақты экономикалық теңдестірілген экономикалық саясаттың болмауының әсері.

***

Ақтөбе облысында қытай инвесторы қолындағы «СНПС Ақтөбемұнайгаз»АҚ-на қарасты кәсіпорындар жер астындағы коллектордан мұнай қалдықтарымен ластанған суды жасырын түрде далаға айдап келгендігі анықталды. Және ластанған суды жіберіп жатқандарын білмесін деп, цех орналасқан аумақты топырақпен жауып отырған. Бұл туралы «Алаш айнасы» газеті «Мұнайлы суды ағызып, жерімізді ластады» деген мақаласында жазып отыр.

Басылымның мәліметінше, Кеңқияқ маңында өзен-көлде көктемде аққу-үйрек, шағаласы бар 30 шақты құс бір мезетте қырылып қалған болатын. Ақтөбе облыстық экология департаменті іздестіре келе, құстардың қырылуына «Кеңкияқ-СК» кәсіпорнының мұнай қалдықтарымен ластанған суды жіберуінен болды деген қорытынды жасады. Экология департаменті мамандары қытай инвесторы қолындағы «СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ-на қарасты кәсіпорындардың экологиялық заңдылықтарды сақтамай, мұнай қалдықтарымен ластанған техникалық суды далаға ағызып жіберулерін қоймай келе жатқандығын, тіпті астыртын әрекет жасауға көшкендерін айтады. Мұнай аралас су «Кеңқияқнефть» кәспорнының мұнайды дайындап, айдайтын цехының жерастындағы коллекторынан жіберетіндігін, тексеріп жүріп анықтады. Және лас суды ағызып жібергендерін көрсетпес үшін «Кеңкияқ-СК» кәсіпорнына қарасты жердің топырағын рұқсатсыз алып, ластанған жердің бетін жауып отырған.

Осы қазан айында «СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ облыс аумағында төрт бірдей көмірсутекті кенішті игеріп жатқандығына 16 жыл толуын тойлағалы отыр. Осы уақыт ішінде облыста игерілген мұнайдың 71 пайызы осы кәсіпорынның еншісінде екен. Сонымен қатар қоршаған ортаға лақтырылатын, ауаны ластайтын зиянды заттардың 23%-ы яғни 3,1 млн тоннасы да - осы кәсіпорынға тиесілі. Соңғы екі жыл ішінде «СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ алаушамдарда 316,1 млн м3 мұнаймен ілесе шығатын газды бостан-босқа ауаға жаққан, дейді басылым.

Соңғы жаңалықтар