Нұр-Сұлтанда көші-қон заңнамасын бұзған шетелдіктер 27 млн теңге айыппұл төледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл 3 айдың ішінде Қазақстанның көші-қон заңын бұзған шетел азаматтарына 27 млн теңге айыппұл салынды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының басшысы Арман Баймұхамет мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Жыл басынан бері еліміздің көші-қон заңын бұзуға қатысты 2297 факті тіркелді. Елорда аумағында жедел профилактикалық шарасы тұрақты ұйымдастырылып тұрады. Аталған шара аясында талапты бұзып, ел аумағында заңсыз жүрген шетел азаматтары анықталып жатады. Жүргізілген шаралардың нәтижесінде көші-қон заңын бұзған шетел азаматтарына 27 млн теңге айыппұл салынды. Бұл биылғы 3 ай бойынша көрсеткіш. Өткен жылдың осы уақытында 20 млн теңгеге айыппұл салынған еді», - деді Арман Баймұхамет полиция департаментінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, шетелдік мигранттар негізінен Қазақстан аумағында болу ережесін бұзады.

«Олар Қазақстанға уақытша тұруға, жұмыс істеуге немесе саяхаттап келеді. Солардың ішінде маусымдық жұмыс істеуге келгендер заңды жиі бұзып жатады. Мигранттар Қазақстанда уақытша болу мерзімі аяқталған соң, қайта тіркелуі тиіс. Ал олар болса тіркелмей жүре береді», - дейді ол.

Бұған дейін полиция департаментінің өкілі 2023 жылдан бастап астаналықтарға жеке куәлік берілгенде саусақ ізі алынатынын айтқан еді.

Сондай-ақ, брифингте Ресейден келген 48 азамат пен 10 украиналық елордада тұруға өтініш бергені сөз болды.


Соңғы жаңалықтар