Нұрбек Бекенов «Semei» телеарнасының басшысы болып тағайындалды
СЕМЕЙ. KAZINFORM - «Қазақстан» РТРК» АҚ Абай облыстық филиалының директоры қызметіне Нұрбек Бекенов тағайындалды.

Нұрбек Мұхаметқалиұлы – тәжірибелі тележурналист. Мемлекеттік қызмет саласында да жұмыс істеген.
Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Жетіарал ауылында дүниеге келген. Журналистика саласындағы еңбек жолын 2003 жылы жергілікті телеарнада диктор ретінде бастаған.
«Қазақстан» РТРК мен 24KZ телеарнасының Қытайдағы, «Хабар» агенттігінің АҚШ-тағы меншікті тілшісі қызметтерін атқарған.
Сонымен қатар Жамбыл облысында «Aulieata-Media» холдингі ЖШС бас директоры, Шығыс Қазақстан облысында «Шығыс-Ақпарат» медиа холдингі ЖШС басқарма төрағасы лауазымдарын атқарды.
ҚР Президенті баспасөз қызметінде және Ұлттық экономика министрлігінде кеңесші болып еңбек еткен.
Еске салсақ, бұған дейін Ербол Садырдың Абай облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалғанын жазғанбыз.