Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау экономикасының негізгі бағыттарын атады

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл Маңғыстау облысында экономикалық өсімнің негізгі көрсеткіштері оң динамика көрсеткен. Өңір экономикасының негізгі бағыттары – өңдеу өнеркәсібі, туризм, логистика және балық шаруашылығы болып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай есептік кездесуде айтты. 

Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау экономикасының негізгі бағыттарын атады
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Әкімнің мәліметінше, өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,9 трлн теңгеден асса, инвестициялар көлемі 105,4%-ға өсіп, 949,9 млрд теңгені құрады. Құрылыс, транспорт, сауда, байланыс салалары да тұрақты даму үстінде.

– Ақтау теңіз порты арнайы экономикалық аймағының қызмет ету мерзімі 2053 жылға дейін ұзартылып, аумағы қосымша 7,9 мың гектар кеңейтілді және 23 жаңа қызмет түрі енгізілді. Сонымен қатар, «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы толыққанды даму институты ретінде трансформацияланып, жаңа ұйымдық құрылымы бекітілді. Қазіргі таңда құны 22,1 млрд теңгені құрайтын 8 бірлескен жобаны іске асыру жұмыстары басталды, - деді спикер баспасөз конференциясы барысында.

Жыл басынан бері 235 млрд теңгеге 19 инвестициялық жоба іске қосылып, 612 жаңа жұмыс орны құрылды. 2026-2032 жылдары құны 10 трлн теңгеден астам 55 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Маңғыстау облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы сәтті аяқталды.

Соңғы жаңалықтар