Нұрғисадан бата алған дарын иесі

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Өнер - халықтікі» дейміз, халық әндері мен күйлерін, сондай-ақ Қазақстан композиторларының тамаша шығармаларын тыңдап өскен біз үшін өз жанынан да ән-күй шығарар тұнба дарын иелерінің шығармалары жат емес. «Өлең айтсаң да жаныңды жеп айтасың» демекші, сол әндерді жеріне жеткізер жақсы әншілер шығарманың ғұмырының ұзақ болуына, насихатталуына септігін тигізетіні рас.
None
None

Күй атасы Құрманғазы мен ән атасы Біржан сал, Ақансері, Үкілі Ыбырай мен Сегіз сері сынды халық композиторлары қай мектептен дәріс алып, қай консерваторияны бітірді дейсіз. Бұлар алланың берген дарыны бар ерек туған шоқтығы биік шығармалардың авторы әрі рухани бай дүниенің иелері. Нота танымаса да жүректен, сезімнен туған дүниелерін келер ұрпаққа жетер құндылығымен қоса біздерге мұра етіп қалдырмады ма?!

Рас, музыка мамандарының айтуынша нағыз композитор немесе әуесқой композитор деген егіз ұғым бар. Ол шындық. Кейде нота санап жазған шығармалары жүрекке жетпей қалатын да нағыз композиторлар болады. Ал табиғи туған ән мен күйдің жүрек қылын шертіп, арманға жетелейтіні бар.

Өмір өз арнасында ағып, көп жылғы жинақтаған философиялық ойлар бірде ән, бірде жыр, ал кейде күмбірлеген күй болып арнадан асып жатса айыбы не?!

Қыдырбай Аманжоловтың әндерін тыңдағанда менің бір таңғалғаным, бұл кісінің шығармалары басқа композиторлардың ән-күйлеріне мүлде ұқсамайды. Кейбір автордың әндері бірер жолы халық әніне, кейбір ырғағы таныс әндерге ұқсап жатады ғой. Менің көзімнің жеткені - тұнба табиғи дарынның арқасында шыққан дүниелерде автордың өз қолтаңбасы анық байқалады екен, онда бояма, әсірелеу, жасандылық деген мүлдем жоқ. Таза жүректен шыққан шыншыл, табиғи, түсінікті, әсерлі туған тың дүниелер. Автор осынысымен де басқалардан ерекше, басқа шығармалардан әсерлі.

Біз бүгін атағынан ат үркетін үлкен ғалым, Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми зерттеу институтының бөлім меңгерушісі, ауыл шаруашылық ғылымдарының докторы, академик Қыдырбай Аманжоловтың ғылыми еңбектерімен қоса көркем дүниесі-шығармашылығына тоқталғалы отырмыз.

Олай болса екеуара болған әңгімеге кезек берелік:

- Қыдырбай Аманжолұлы! Сіз ғылым жолында жүрген адамсыз. Бірақ табиғи дарыныңыздың арқасында туған тамаша туындыларыңыз. Қазақ радиосының әуе толқынында жиырма жылдан астам уақыт насихатталып келеді. Біз енді әріден бастасақ. Өзіңіздің бала кезіңіздегі өнерге құштар болуыңызға кімдердің әсері болды. Бірден өнер иесі болуға не бөгет болды? Қазіргі мамандығыңызды қалай таңдап алдыңыз?Осы жайлы білгіміз келеді.

- Мен Қызылдың құмында 1948 жылы 1 сәуірде дүниеге келіппін. Мен бала кезімнен ән мен күйге , әдебиетке құштар болып өстім. Мен қазақтың заңғар жазушыларының шығармаларын сүйсініп, зерделеп оқыдым. Көбіне Ұлы Абай, Жұбан Молдағалиев,Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Мұқағали Мақатаев сынды ақындардың жырларын көп оқыдым. Кейін Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаевтың еңбектеріне қанық болдым.

Мен бала кезімде киіз үйдің ортасындағы оттың шоғына күйіп, қуырылып қалыппын. Қатты күйгеннен тамақ ішпей, аузыма су тамызып, сұйық тамақ берген екен. Бір жыл өткеннен соң аузымды ашып, тамақ ішем деп сұрай бастаған екенмін. Әжем ешкінің сүтіне салып бір жыл емдегенде сол күйгеннен тыртық та қалмапты.

Мектепті бітірген соң мен Әл-Фараби атындағы ұлттық Қазақтың /бұрынғы Киров атындағы/ университетінің журналистика факультетіне құжатымды тапсырмақ едім, ол заманда екі жыл ауыл шарушылығында жұмыс істемесең қабылдамайтын. Мені деканат маңайлатпады. Сонда: «Сіздер дұрыс істемей отырсыздар, маңдайалды жазушы болар бір адамнан айырылып отырсыздар, мен нақ әдебиеттің өкілі болатын адам едім» деп өзімнің өкінішті ойымды айтып кеттім. Қатты көңілім қалған соң ағамның ақылымен Қазақтың Мал шаруашылық институына емтихан тапсырдым. Бір орынға сегіз бала екен. Бәрінен бес деген баға алдым, ал орыс тілінен екі алып қалдым. Бәрі өткен соң сол кездегі институттың ректоры Мүсілім Әмірханович Ермеков проректор Мәжит Ақжанович Байтуринге: «Мына баламен сөйлес, бәрі бес, орыс тілінен неге екі болды, қай жақтан келген бала екен» деген екен. Содан мені шақырып алып: «Сен ректорға рахметіңді айт, көптің ішінен осы баладан бірдеңе шығады» деп қамқорлыққа алып отыр, - деді. - Бізде сабақ орысша. Орыстың тілін үйрен!» деп, отбасы жағдайын, неге орыс тілін білмей қалғанын сұрады. Қарақұмда жалғыз орыс болушы еді, орыс тілінен сабақ беретін. Оның өзі өз тілін шала білетін. Мектептен орыс тілін білмей шыққаным рас еді. Соны айттым. Мен ойлаймын, сол кісілердің шапағаты болар, мен орыс тілін жетік үйреніп, сабағымды жақсы оқитын болдым. Мәдет Ағзамұлы менің ғалым болғанымды көрді.

Мені институтты бітіргеннен кейін Қазақтың малшаруашылық ғылыми-зерттеу институтында аспирантураға қалдырды. Сол жерде академик Қилыбай Үсенович Медеубеков маған: «Мен сенен үлкен үміт күтемін, оқуыңды жақсы бітірген екенсің» деп, Мәскеуге аспирантураға жіберді. Оның үстінде Қарпық Құсайынұлы Құсайынов Анатолий Колестратович Раслеков деген кісі екеуі мал шаруашылық институтында менің ғылыми жетекшім болды. Мәскеуде докторлық диссертациямды жақсы қорғадым. Ғылым кандидаты болдым. Ондағы ғылыми жетекшім- СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ауылшаруашылық ғылымының докторы, профессор Сергей Яковлевич Дудин болатын. Алматыға келген соң шамалы уақыттан кейін ғылым докторы болған жайым бар.

- Ал енді ғылымға қосқан үлесіңіз дегенде не айтар едіңіз?

- Енді, міне, ғылым докторы, профессормын. Ауыл шаруашылығы Ғылым Академиясының академигімін. Ресей ауыл шаруашылық Академиясының құрметті докторымын. Қытай Ауылшаруашылық ғылым академиясының құрметті профессорымын. Ғылымда сіңірген еңбегім біршама баршылық. 350-ден астам ғылыми еңбегім бар. Жиырма шақты кітабым бар. Отыздан астам кітапшам бар. Отызға жуық өндіріске ұсынысым бар. Кітаптарымның аттары етті ірі қараға байланысты «Еттің сапасы», «Технология производства и стандартизация говядины», «Етті стандартизациялау» деп аталады. Тағы бір кітабым -«Етті алғашқы өңдеу» деп аталады. Қазіргі күнде ет сапасы жөніндегі Қазақстандағы белгілі ғалыммын. Қазақстан республикасы Ауылшаруашылық министрлігінде құрылған малшаруашылығы саласы бойынша техникалық кеңестің мүшесімін. Докторлық диссертация қорғайтын өзіміздің институтта жиырма бес ғылым докторынан тұратын үлкен төрағаның орынбасары болып қызмет атқардым.Қырғыз елінде докторлық диссертация қорғайтын кеңесте он жыл мүше болдым. Көптеген мамандар дайындауға өз үлесімді қостым. Қазіргі таңда өз қолымнан шыққан алты ғылым кандидаты бар. Қазір бірнеше ғылым докторларын қорғауға дайындатып жатырмын. Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми зерттеу институтының мал азығын өндіру және стандартизациялау бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етудемін.

- Бұл енді сіздің көп тер төгудің арқасында жеткен жетістіктеріңіз, еңбегіңіздің жемісі десе де болғандай. Негізгі тақырыбымызды өнерге қарай бұрсақ. Өнер ата-бабаның қасиетінен қонады дейміз. Сіздің бала кезіңізден өнерге құштарлығыңыз толысқан шағыңыздағы ән-жыр, күмбірлеген күй болып мазаңызды алып, еріксіз қолыңызға домбыра алғызғаны рас. Соның сыры неде? Сабақтай отырсаңыз!

- Менің үш ұйықтасам да ойымда болмаған ғажайып құбылыс. Ойда жоқта қырық бес жасымда он екі жыл бұрын қайтыс болған әкем түсіме кірді. Сол кезде жүректен ауырып қиналыңқырап жүр едім. Қиналғанымды сезді ме немесе көңілін басқа жаққа бұрсын деді ме, «Балам, қолыңды жай, мен бата берейін, әніңе сал толғана, саған аллатағала жас жігіттің күшін береді» деп ақ батасын берді. Сол батаны алғаннан кейін қолым қалай домбыраға бара бергенін өзім де байқамай қалдым. Нағанай бабам аян берген соң күй шығара бастадым. Әндерім шыға бастағанда бірге өскен достарым «өмірі ән айтпайтын, күй шертпейтін, бұл қалай болды» деп таңғалысты.

Мен институтта оқып жүргенде Ахмет Жұбановтың жиені домбырада ойнауды үйреткен болатын. Соның пайдасы болар, мен ән шығара бастадым.

Әкем домбырада еркін ойнайтын. Анам екеуі халық әндерін шебер орындайтын. Шешем қылқобызда ойнаушы еді. Нағашы жұртымда Мәміш деген атамыз айтысқан адамын жеңбей қоймайды екен. Ағам Қайырбек те ойынан ән шығаратын. Бижан деген бабамыз өте өнерлі кісі болған екен. Ол кісіні көргендер «асқардай биік туған азамат» деп керемет баға берген екен. Сол кісінің соңынан кілең жақсы-жайсаңдар ерген екен. Сол кісілердің өнерінің ұшқыны бізге дарыған ғой...

- Ең алғашқы шығарған әніңіз?

- Алғаш тебіреніп отырып шығарған әнім-«Адал жар» деп аталады. Әннің өлеңін де өзім жазып орындап жүрдім. Күндердің бір күнінде Сағатбек Медеубеков деген жігітпен таныстым. «Мен сіздің әніңіздің мәтініне өзгеріс кіргізіп, авторы болайын» деп қолқа салды. Сөйтіп әні менікі, сөзі Сағатбектікі болып, ол әнді тұңғыш әнші Рамазан Стамғазиев орындады, оған себепші болған күйші Ермұрат Үсенов болатын. Менің әндерім мен күйлерімді алғаш нотаға түсірген де сол кісі. Ермұрат «аға, сіз тегін адам емес екенсіз» деп елеп, әншілерді тауып берді. Біраз ән-күйлерімнің нотасын композитор Темір Тайбеков пен күйші Өтеген Жүсіпов түсірген болатын. «Адал жар» әнін кейін Сәкен Қалымов ансамбльмен орындап, Қазақ радиосының алтын қорына жазды. Әуе толқынынан насихаттала бастады. «Алтын шыққан жерді белден қаз» дегендей, бір ән шыққан соң шабыттана түсіп, үздіксіз ізденістің арқасында 300-ге жуық шығармам дайын болды, көбісі нотада.

- Сіз «Нұрғисадан бата алдым» дедіңіз, дайын партитуралар жайлы айта отырсаңыз!

- Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтың басшылық жасауымен «Отырар сазы» оркестрінің жігіттері тоғыз партитураның дайын болуына көмек етті. Күйлердің көпшілігін Нұрағаң өз үйінде тыңдады, өте жоғары бағалады. Соның ішінде ерекше тоқталғаны- «Домалақ ана»күйі. Оның алдында консерваторияның, Петр Чайковский атындағы музыка училищесінің студенттері орындап жүретін. Сол күйді Нұрағаңның алдында Өтеген Жүсіпов ойнады. Күйдің төрт-бес тактысы ойналғаннан кейін штрихына баса көңіл аударды. Өтегеннің қолынан домбыраны алып «мынаны нотаға түсірген кім?» деді. Сонда Өтеген «мен» деді. «Сен болсаң неге штрихын дұрыс қоймағансың?» деп кейіді.

Содан кейін «Нағанай» деген күй орындалды. Бұл күй Қоңырат бабамызға арналған күйім еді. Бұның да штрихын жөндеді. Күйді тыңдап болып, «осындай күйді де адам шығарады екен» деп таңғалды. Осыдан соң «Жалғыз аққу» күйі орындалды. Нұрағаң «сен өзің ойнамайсың ба?» деп маған бұрылды.Алдында дайындалып келгем, жүрексінгенімді білдірмей, «Өнер адамдарының алдында күйлерімді ойнамаушы едім» деп құтылдым. Ол кісі маған аң-таң болып қарады. «Жалғыз аққуға» ешқандай түзету енгізген жоқ. Ол кісіге ұнады. «Келіншегің өлген жоқ па еді?» деп сұрады. «Жоқ, аман-сау» дедім. Содан кейін ойланып орнынан тұрды да: «Маэстро, - деді, - Қыз бала болсаң бетіңнен сүйер едім, жігіт болған соң сенің маңдайыңнан сүйейін», - деп, маңдайымнан сүйді. Осыдан бастап өле-өлгенше аға-інідей жақсы араластық, музыка әлемі жайлы көптеген мағлұматқа қанық болдым. Ол кісі: «Күй - құдайдың күбірі» деп үнемі айтып отыратын. Бір жолы саяжайда демалып жатып: «Айналайын, Қыдырбай! Сенің қай жерде осы шығармаларды шығаратыныңды, табиғатыңды көруге келдім. Соншалықты әсем ән-күй бостан-босқа тумайды ғой. Сені бүгіннен кейін «әулие композитор» деп атаймын. Өйткені саған түсіңде аян бергеннен кейін осылай деу орынды, сен халық композиторысың» деді. Одан кейін Нұрағаң «Астана күнінің тойын атқарып келейін, сосын сенің концертіңді ұйымдастырып, белгілі композиторларға тыңдатамын, төрелігін солар айтар, осындай композитор бар деп бүкіл қазақ еліне жария етемін, өнеріңді сынатамын, олар қалай бағалар екен» деп уәде берген. Астанадан келген соң біздің саяжайда демалып жатқанда Нұрағаң ауырыңқырап тұрып, «мені үйге жеткіз!» деді. Түн ортасында үйіне жеткіздім, соңғы көргенім сол болды. Ағай қайтыс болды. Алдын ала жоспарлаған шығармашылық кешім өтпей қалды.

- Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің қайтыс болғаны 1998 жыл екен, содан бері өз шығармаларыңызды насихаттай алмауыңызға не себеп?

- Мен, біріншіден, ғылым соңына түскен адаммын. Шығармаларымның көбірек насихатталмай келгені де содан. Бірақ үлкен сахнада өнерімді көрсетпегенмен ән-күй шығаруды бірде бір тоқтатқан жоқпын, қайта бұрынғыдан да көп жаңа әндер өмірге келді. Бір Мұқағали Мақатаевтың мәтініне алпыс ән шығарыппын. Ол менің Мұқағали жырларының менің ойыммен астасқандығы болар.

Бір жылдары ортаншы қызым Балжан қостанайлық жігітке күйеуге шығып тойға бардық. Сол жерде әнші Түлкібек Ырысмағамбетов деген әнші жігітпен танысып, оның орындаған әндері менің көңілімнен шыққан соң жинағымды беріп, жиырма шақты әнімді орындаттым. Сәтті шықты. Сол тойда ақын Ақылбек Шаяхметовпен танысып, сол ақынға ғана біраз әндеріме арнайы сөз жаздырдым. Сонымен жиырма әнім Ақылбектің сөзіне жазылды. Ақылбек - өресі, талғамы жоғары, өткір жазатын ақындарымыздың бірі.

Менің «Нағанай», «Жалғыз аққу», «Әз аға» , «Еркін дала еркің қайда» күйлерімді Ермұрат Үсенов орындаса, «Анама» күйін Өтеген Жүсіпов, «Жетім қозы», «Есімде», «Аққу әні» әндерімді Сұлушаш Нұрмағамбетова, «Туған жер» әнін Нұрғали Нүсіпжанов, ал «Бибігүлге», «Сағындым, әке, сағындым» әндерін Қайрат Әділов, «Неге сені ұнаттым» әнін Назым Сағалова, «Ей бауырым» әнін Индира Мақаева орындаған.

Менің ән-күйлерімнің жинақтары «Ән-аққу», «Ән -самал», «Ән-айна» деген атпен жарыққа шықты.

- Сіздің шығарған туындыларыңыз бірнеше концертке жетерлік. Халықпен қауышатын күн де алыс емес шығар?

- Әрине, он бес ән мен бірнеше күйдің партитуралары дайын тұр, өз ойымша «Отырар сазы» оркестрімен бір жақсы концерт бергім келеді. Әзірше туған жерден бастасам деп ойлаймын. Менің әндерімді орындайтын жастар көбірек шықса алдағы уақытта осы істі түбегейлі қолға алсам деймін.

- Қыдырбай Аманжолұлы! Салиқалы да мағыналы әңгімеңізге рахмет!. Сізге іске сәт дегім келеді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Алтын Иманбаева

Соңғы жаңалықтар
Референдум