16:35, 12 Мамыр 2023 | GMT +5
Нұрлан имам елордадағы Ырыскелді қажы мешітіне бас имам болып тағайындалды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Имам, теолог Нұрлан Байжігітұлы елордадағы Ырыскелді қажы атындағы мешітке бас имам болып тағайындалды. Бұл жайында имам Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алланың қалауымен, елдің ақ тілегімен бүгін Астанамыздағы «Алланың гүлі» аталып кеткен Ырыскелді қажы атындағы мешітке бас имам боп тағайындалдым. Бұл мен үшін қуанышты жаңалық! Енді Астана жұртшылығымен және қала қонақтарымен осы мешітте жүздесеміз. Еліміз тыныш, жұртымыз аман, бірлігіміз берік, руханиятымыз тұғырлы болсын», - деп жазды Нұрлан имам.
Асанов Нұрлан Байжігітұлы 1979 жылы 1 қаңтарда Жамбыл облысының Меркі ауданында дүниеге келген. Ол Жамбыл ауданының имамы, Қарағанды және Қостанай облыстарындағы аудандық имам, Өскемендегі Шығыс Қазақстан облыстық мешітінің имамы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысындағы уәкілетті имамы, «Нұр ғасыр» мешітінің бас имамы болған.