11:52, 19 Ақпан 2009 | GMT +5
«Нұрлы көш» ұлттық жобасы аясында 2010-2011 жылдары облысқа 35 млрд. теңге қаржы бөлінбек
АҚТАУ. Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Кеше облыс әкімі Қ.Көшербаев ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы К.Әбішовты қабылдады.
Облыс басшысы Комитет төрағасына аймақтағы көші-қон мәселелері туралы айта келе, атқарылатын әлеуметтік бағдарламалар мен жоспарлардың оралмандар сұраныстарын ескеріп отыратындығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Сондай-ақ, әңгіме барысында «Нұрлы көш» ұлттық жобасы, атап айтқанда бағдарлама аясында Бейнеу ауданының Бейнеу және Боранқұл ауылдарын, Шетпе және Құрық аудан орталықтарын, Түпқараған ауданының Сайын Шапағатов атындағы ауылын, Мұнайлы ауданының Қызылтөбе ауылдық аумағын және Форт-Шевченко қаласын дамыту жөніндегі Үкімет қолдаған жобалар жайлы сөз болды. Ұлттық жоба аясында 2010-2011 жылдары облысқа 35 млрд. теңге қаржы бөлінетіні туралы хабардар етілді. Аталған жобаны жүзеге асыру мәселелері облыс әкімдігінде өткен арнайы мәжілісте талқыланды.