«Нұрлы жол» - экономикалық өсім мен жұмыспен қамтудың негізгі тірегі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаһандық экономикадағы тұрақсыздық даму болжамының белгісіздік аясын арттырып отыр. Дүние экономикасы бір-бірімен тығыз байланысты болғандықтан дағдарыстан шекесі қызып, шалқып отырған бір де бір мемлекет жоқ. Керісінше, бүгінгі Америка Еуропаға, ал Еуропа Азияға қарап кім қандай қадам жасайды деп күтіп отырғандай. Дегенмен, даму дөңгелегі бір орнында тұрақтап қалмайтыны да анық. Әркім қолынан келгенше күресіп, күйзелістен күйремей шығудың қамына кіріскен.
Әлемдік экономикаға біте-қайнасқан, алпауыт мемлекеттердің арасында орналасқан Қазақстанның бұл дағдарыспен күресетін де өз тәсілі болуы керек. Ең бастысы әбжіл қимыл мен тынымсыз еңбекті талап етеді бұл дағдарыс. Оның үстіне ашық теңізге шығатын жолы жоқ демесеңіз, Қазақстан тығырыққа тірелетін ел де емес. Өйткені, бір жағында Еуропа мен АҚШ қыспағынан жапа шеккен, әйтсе де энергетикалық ресурстардың бай қорына ие апауыт Ресей болса, екінші жағынан әлемдік сауданы сапырған Қытай тұр. Сондықтан да, Үкімет әлемдік экономиканың қолайсыз ахуалына қарамастан, экономиканы жандандыратын жол тауып, xалықтың жағдайын төмендетпеуі тиіс. Дәл осындай тапсырманы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қыркүйектің басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында жүктеп, атқарушы биліктің тізгінін ұстаған жаңа басшыға қадау-қадау міндеттерді жүктеген болатын. Ал жақында Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында осы мәселелер бойынша тереңірек баяндады. Ендеше, ағымдағы экономикалық ахуал мен «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы аясындағы осы мәселелерге назар аударсақ.
«Мұнай бағасының күрт төмендеуіне байланысты 2015 жылғы тамызда теңге бағамы түзетілгеннен кейін, 2008 жылғы қаржылық дағдарыстан кейінгі ең ауыр кезеңді бастан өткіздік. Экономиканың өсу серпіні тұрақсыз болды. 2016 жылғы алғашқы бес айдағы экономикалық өсу қарқындарының құлдырауынан кейін маусымнан бастап экономиканың оң өсуі байқалды. Ағымдағы жылғы 8 айдың қорытындысы бойынша Жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) өсуі 0,3%-ды құрады. Бұл, ең алдымен, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының және Үкімет пен Ұлттық банктің дағдарысқа қарсы шараларының шеңберінде қабылданып жатқан істердің оң әсеріне байланысты. Нақтырақ айтқанда, өсудің елеусіз болғанына қарамастан, әріптес елдермен салыстырғанда Қазақстанда оң ахуал қалыптасты», - дейді Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев. Министрдің келтірген мәліметтеріне қарағанда, қазіргі таңда ел экономикасының өсуі құрылыста (6,7 пайызға), көлік саласында (4,2 пайызға), ауыл шаруашылығында (4,9 пайызға), өңдеу өнеркәсібінде (0,7 пайызға) өнім шығаруды ұлғайту есебінен қамтамасыз етілген. Дегенмен, әлемдік бағалардың төмендеуі және мұнай (4,9 пайызға), көмір (6,5 пайызға) және темір рудасы (15,8 пайызға) өндірісінің қысқаруы тау-кен өнеркәсібіндегі өсуді тежеп отыр. Бұл салада әзірге 4,8%-ға артта қалу байқалады. Яғни, талдауға сүйенсек, экономикалық өсу көбіне шикізаттық емес секторлар есебінен қамтамасыз етілуде. Бұл ретте ағымдағы жылғы 8 айдың ішінде өңдеу өнеркәсібінің өсуі 0,7%-ды құраған. Металлургия өнімдері (8,3%-ға), тамақ өнімдері (3,8%-ға), мұнай өңдеу (0,6%-ға), пластмасса (2,4%-ға), сондай-ақ фармацияның (2,5%-ға) өндірісі өсті. Сонымен бірге, экспорт құрылымында да шикізат емес тауарлар үлесі де ұлғайған. Өңделуі жоғары өнімдердің экспорты да өскен, мәселен тамақ өнеркәсібі (қант пен кондитерлік өнімдер 84,0%-ға, 17,2 мың т.дейін, май мен тоң май 26,9%-ға, 34,5 мың т. дейін, ет және ет өнімдері 12,5%-ға, 5,8 мың т. дейін), химиялық тыңайтқыштар (82,2%-ға, 114,5 мың т. дейін), тоқыма материалдарын өндіру (4,4%-ға, 24,2 мың т. дейін), дайын металл бұйымдар өндіру (мойынтіректер 51,2%-ға, 7,3 мың т. дейін) салаларында өсім біршама байқалады.
«Ауыл шаруашылығында өндіріс көлемі 4,9%-ға ұлғайды, оның ішінде өсімдік шаруашылығында - 12%-ға және мал шаруашылығында - 2,3%-ға. Ауыл шарауашылығындағы орнықты нәтижелер инвестициялық субсидиялар бойынша мемлекеттік қолдауды 2 еседен артық ұлғайту есебінен Агроөнеркәсіпке салынған инвестициялардың айтарлықтай 56%-ға өсуіне байланысты (2015 жылғы 6,1 млрд. теңгеден 2016 жылы 12,7 млрд. теңгеге дейін). Маңғыстау облысын (16,7%-ға төмендеу) қоспағанда, барлық өңірлерде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің өскені байқалып отыр. Құрылыс көлемі 6,7%-ға өсті, бұл «Нұрлы жол» шеңберінде инфрақұрылым мен тұрғын үй құрылысының жаппай жүргізілуіне байланысты», - дейді ведомство басшысы.
Оның айтуынша, барлық көздер есебінен салынған тұрғын үйлерді пайдалануға беру қаңтар-тамызда 14%-ға (6,37 млн. шаршы метрге дейін) ұлғайды. Пайдалануға берілген көп пәтерлі тұрғын үйлер алаңының көлемі - 26,7%-ға (3,1 млн. шаршы метрге дейін), жеке тұрғын үйлердің көлемі - 4,0%-ға (3,3 млн. шаршы метрге дейін) өскен. Сонымен қатар, мемлекет қаражаты есебінен де оң серпін сақталған, ол қаражатқа 507 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Тұрғын үйді пайдалануға берудің барынша өсуін Павлодар (42,9 пайызға), Ақмола (42,8 пайызға), Оңтүстік (38,7 пайызға) және Солтүстік Қазақстан (33,1 пайызға) облыстары көрсетіп отыр. Бұл ретте төмендеу (8,7 пайызға төмендеу) тек Қостанай облысында байқалған. Бұдан бөлек, 2015-2016 жылдары тұрғын үй инфрақұрылымын жүргізуге 151,2 млрд. теңге бөлінді. Бюджеттен инфрақұрылымға бөлінген әрбір 1 теңгеге тұрғын үйге арналған 9,3 теңге жеке салым тартылды.
Министрдің сөзіне қарағанда, экономикалық өсудің басты факторы негізгі капиталға инвестициялардың 4,8 пайызға ұлғаюы болды. Атап айтқанда, негізгі капиталға инвестициялардың жалпы көлемі 4,3 трлн. теңгені, оның ішінде үштен бір бөлігінен астамы (36,9%) - 1,5 трлн. теңгені мемлекеттік инвестициялар мен ұлттық холдингтер қаражаты құрап отыр. Ал тікелей шетел инвестицияларының ағыны бірінші жартыжылдықта бес есе - 5,7 млрд. АҚШ долларына дейін ұлғайған. Сонымен қатар, елдің халықаралық резервтері жылдың басынан бастап 4,6 пайызға өсіп, 95,6 млрд. долларды құрады, соның ішінде Ұлттық қордың активтері 64,9 млрд. долларға жетті (ағымдағы жылғы 1 қыркүйекте 2,1%-ға өсу).
Сөз арасында Қуандық Бишімбаев ағымдағы жылдың мамырынан бастап экономиканы кредиттеу қайта жандандырылғанын да айтты. Оның сөзіне қарағанда, 1 тамыздағы жағдай бойынша кредиттер 0,5%-ға өсті (12,7 трлн. теңгеге дейін). Жаңадан берілген кредиттер көлемі 2016 жылғы жеті айдың ішінде 7,8%-ға өсуді көрсете отырып, 5,4 трлн. теңгеге жетті. Елдің сыртқы сауда айналымы қаңтар-шілде ішінде 29,6%-ға 33,1 млрд. АҚШ долларына дейін қысқарды. Экспорт 20,0 млрд. АҚШ долларына (төмендеу 30,0%-ға), импорт - 13,1 млрд. АҚШ долларын құрады (төмендеу 28,8%-ға). Бұдан бөлек, инфляциялық процестердің бәсеңдегені байқалады. Мәселен, ағымдағы жылғы шілдеде жылдық инфляция - 17,7 пайызға дейін жетіп, бірте-бірте төмендей бастаған.
«Нұрлы жол» - экономиканың рецессиясына жол бермеді
Жаңа экономикалық саясатты іске асыру үшін Мемлекет басшысының «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы қабылданған болатын. Бағдарлама әлемдік экономиканың бәсеңдеуі және экспорттық тауарлар бағасының төмендеуі жағдайында іскерлік белсенділік пен жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуді қолдаудың басты ынталандырушы тетігіне айналып отыр. Шұғыла қағидаты бойынша тиімді инфрақұрылым құрудың негізінде елдің макроөңірлерін біріктіру арқылы бірыңғай экономикалық нарық қалыптастыруға бағытталған бағдарлама аясында елдің 6 макроөңірі (оңтүстік, орталық-шығыс, батыс, солтүстік, Алматы қаласы және Астана қаласы) айқындалған болатын. Оған ұлттық және халықаралық деңгейдегі хаб-қалалар ретінде Алматы, Астана, Ақтөбе, Шымкент және Өскемен қалалары таңдалып алынды. Осыған байланысты бұл қалалар макроөңірлердің экономикалық белсенділігінің, капиталды, ресурстарды, озық технологиялар мен көрсетілетін қызметтерді шоғырландыру орталығына айналмақ. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы инфрақұрылымды, тұрғын үй құрылысын дамыту мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту арқылы осы процеске ықпал ететін болады.
«Бірінші бағыт - «Шұғыла қағидаты» бойынша тиімді көліктік-логистикалық инфрақұрлым құру мақсатында коммуникацияның барлық түрлері Астанадан басқа макроөңірлерге бағытталатын болады. Ол үшін Орталық-Оңтүстік, Орталық-Шығыс, Орталық-Батыс, Батыс Еуропа - Батыс Қытай және басқа да автожол жобаларын іске асыру жоспарланған. 2015 жылдан 2020 жылға дейінгі кезең ішінде барлығы 6,7 мың шақырым автомобиль жолдары салынып, реконструкцияланады. Сосын бағдарламада теміржол желілері мен Құрық портында паром өткелін салу жоспарланған, бұл Қазақстан арқылы Иран, Қытай, Ресей және Еуропалық одақ елдері бағытындағы транзитті өсіруге ықпал етеді», - дейді министр Бишімбаев.
Екінші бағыт - индустриялық және туристік инфрақұрылымды дамыту. Бұл бағыт бойынша макроөңірлерде өнеркәсіпті дамыту үшін арнайы экономикалық аймақтар салу қарастырылады. Атап айтқанда, Атырау облысында Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркін және «Қорғас-Шығыс қақпаларын» салу көзделген.
Үшінші бағыт - бірыңғай электр энергетикасы жүйесі аясында энергетикалық инфрақұрылымды нығайту. Бұл үшін Шығыс Қазақстан және Алматы өңірлерінің электрмен жабдықталу сенімділігін арттыру, сондай-ақ «Солтүстік-Оңтүстік» бағытындағы транзитті күшейту мақсатында «KEGOC» акционерлік қоғамы «500 кВ Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» транзитінің құрылысы» жобасын іске асыруда. Осының арқасында Қазақстанның Солтүстік-Оңтүстік бағытындағы ұлттық электр желісі транзиттік әлеуетін 1350 МВт-тан 2100 МВт-қа дейін (өсім 750 МВт) ұлғайтуға мүмкіндік беріледі.
Төртінші бағыт - тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымы және жылумен, сумен жабдықтау, су бұру жүйелерін жаңғырту (реконструкциялау және салу). Шығыны мен апаттылығы жоғары шамамен 1 мың км жылумен жабдықтау желісін және 6 мың км-ге жуық сумен жабдықтау, су бұру желілерін жаңғырту жоспарлануда.
Бесінші бағыт - макроөңірлерде халықтың өсіп келе жатқан сұранысын қамтамасыз етуі тиіс жалдамалы, кредиттік және коммерциялық тұрғын үй салу. Мемлекеттік бағдарламада 2020 жылға қарай 4,5 млн. шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделген. Оның ішінде 2020 жылға қарай жалдамалы - 1,7 млн шаршы метр тұрғын үй, кредиттік - 2 млн. шаршы метр тұрғын үй, коммерциялық - 0,8 млн. шаршы метр тұрғын үй беру болжанады.
Алтыншы бағыт - білім беру саласы инфрақұрылымын дамыту. Мұндағы басты міндет өңірлерде апатты мектептер мен үш ауысымды оқытуды жою болып табылады. Ол үшін жаңа жалпы білім беру мектептері салынып, пайдалануға берілетін болады.
Жетінші бағыт - бұл кәсіпкерлікті қолдау мен инфрақұрылым салу. Кәсіпкерлікті қолдау үшін өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілері мен ірі кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеуге Ұлттық қордан айтарлықтай қаражат бөлінуде.
Аталған қаражат инвестициялық жобаларды іске асыруға, айналым капиталын толықтыруға және бұрын берілген қарыздарды қайта қаржыландыруға бағытталды, бұл ретте түпкілікті қарыз алушыға арналған сыйақы мөлшерлемесі 10 жылға дейінгі мерзіммен жылдық 6%-дан аспайтын мөлшерді құрады. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жылдары ішінде кәсіпкерлік субъектілері өндірген өнімнің жалпы көлемі 2020 жылға қарай 1,5 трлн. теңгені құрайды.
«Нұрлы жол» бағдарламасының барлық бағыттарын іске асыру үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2015-2017 жылдары жыл сайын 3 млрд. АҚШ доллары бөлінеді. Одан басқа, «Нұрлы жол» жобаларын іске асыру үшін халықаралық қаржы институттарының 8,1 млрд. АҚШ доллары мөлшеріндегі қарыз қаражатын және ұлттық компаниялар мен даму институттарының 254 млрд. теңге мөлшеріндегі жеке қаражатын тарту көзделген. Мәселен, Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін көзделген қаржыландырудың жалпы көлемі 5 жыл ішінде шамамен 18 млрд. АҚШ долларын құрайды», - дейді министр Қуандық Бишімбаев.
Айта кетерлігі, «Нұрлы жол» бағдарламасы әлеуметтің әлеуетін көтеруге үлкен сеп болып отыр. Мәселен, бағдарлама бойынша 2015-2016 жылдары автожолдарды салу мен реконструкциялауға 329,3 млрд. теңге бөлінген. Аталған қаражат есебінен «Орталық-Оңтүстік», «Орталық-Шығыс», «Орталық-Батыс» бағыттары және республикалық маңызы бар басқа да автожолдар сияқты басты бағыттар бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі күні жол-құрылыс жұмыстарымен 1700 шақырым автожол қамтылған. Ал 2015-2016 жылдары барлығы 774 шақырым автожол салу және реконструкциялау жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» және «Бейнеу - Ақтау» екі автожол жобасын іске асыру үшін бюджеттік ресурстарға қосымша Халықаралық қаржы ұйымдарының (Халықаралық Қайта құру және Даму Банкі, Азия Даму банкі) 147,8 млрд. теңге сомасындағы қарыздары тартылған. Негізгі автожол жобаларын іске асыруды жалғастыру үшін 2017 жылы қосымша 143,5 млрд. теңге мөлшерінде Ұлттық қор қаражатын жұмсау жоспарлануда.
Ал логистикалық инфрақұрылымды дамыту бойынша 2015-2016 жылдары «Боржақты-Ерсай» және «Алматы-Шу» теміржол желілерін, Құрық портында паром өткелін және Астана қаласында әуежай салуға 95,2 млрд. теңге бөлінген.
Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бойынша Елбасы 2018 жылға қарай үш ауысымды оқытуды жоюды, мектептердің апаттылығын азайтуды және 2020 жылға қарай 3-тен 6 жасқа дейінгі балалардың мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен толық қамтылуын тапсырған болатын. Осыған байланысты 2015-2016 жылдары - 96 білім беру объектісін - 77 мектеп пен 19 балабақша салу үшін 77,3 млрд. тенге бөлінді (2015 жылы - 19,4 млрд. теңге, 2016 - 57,9 млрд. теңге). Бүгінгі күннің өзінде 41 білім беру объектісі пайдалануға берілген. Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін 2017 жылы біз Ұлттық қордан 71,7 млрд. теңге мөлшерінде, сондай-ақ мектептердің сейсмикалық төзімділігін күшейту үшін 8,3 млрд. теңгені қосымша көздеп отырмыз.
«Нұрлы жол» бағдарламасының тұрғын үй инфрақұрылымын салу бағыты бойынша жаппай құрылыс салу аудандарында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын тарту көзделген болатын. Бұл тұрғын үйдің барлық түрлерін, оның ішінде жеке тұрғын үй құрылысын дамыту үшін қажет болды. Осы мақсаттарға 2015-2016 жылдары 151,8 млрд. теңге бөлінді. Бұдан бөлек, Ұлттық экономика министрлігі 2016-2017 жылдары Жеке тұрғын үй құрылысына арналған 100,9 мың учаскені қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді көздейді. Инфрақұрылым бүгінгі күні берілген 57,4 мың жер учаскесіне және жаңа 43,5 мың учаскеге жүргізілетін болады. Ал 2017 жылы қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін 84 млрд. теңге жұмсау жоспарлануда. Жалпы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды көптеп салу тұрғын үй құрылысын өркендетуге ықпал етеді.
«Нұрлы жол» бағдарламасы және Дағдарысқа қарсы жоспар шеңберіндегі негізгі бағыттардың бірі кәсіпкерлікті қолдау болып табылады. Кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыру үшін 2016 жылы Ұлттық қор және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қаражаты есебінен барлығы шамамен 575 млрд. теңге көзделген. Бүгінгі күні көрсетілген қаражаттың шамамен 333 млрд. теңгесі екінші деңгейдегі банктерде және қаржы институттарында орналастырылған, оның ішінде 141 млрд. теңгені кәсіпкерлер алды», - дейді министр Қуандық Бишімбаев. Бұл қаражат инфрақұрылым жүргізуге, жаңа инвестициялық жобаларды кредиттеуге, айналым капиталын және экспорттық операцияларды қаржыландыруға және қарыздарды қайта қаржыландыруға бағытталған. Министрдің сөзіне қарағанда, Ұлттық қордан 2014-2015 жылдары бөлінген 300 млрд теңге есебінен өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпкерлікті револьверлік кредиттеу жалғастырылып жатыр. «Кәсіпкерлікті қолдау үшін Халықаралық қаржы ұйымдарының қаражаты да тартылуда. Өткен жылы Азия Даму Банкінен және Еуропа Қайта Құру және Даму Банкінен 93,2 млрд теңге (Азия Даму Банкінен 62,2 млрд. теңге, Еуропа Қайта Құру және Даму Банкінен 31 млрд. теңге) тартылды, 624 жоба қаржыландырылды. Ағымдағы жылы Азия Даму Банкінен және Еуропа Инвестициялық Банкінен 156,4 млрд теңге мөлшерінде кредиттік желі тарту жоспарлануда (Азия Даму Банкінен - 68 млрд. теңге, Еуропа Инвестициялық Банкінен - 88,4 млрд. теңге).
Жалпы, қабылданған шаралар шағын және орта бизнес өнімдерін шығаруды 0,3%-ға және жұмыспен қамтуды 4,1 %-ға, сондай-ақ ағымдағы жылдың басынан бастап шағын және орта бизнесті кредиттеуді 35,8 %-ға ұлғайтуға мүмкіндік берді», - дейді министр.
Мемлекеттік бағдарлама аясындағы аса маңызды бағыттың бірі - жобаларды Халықаралық қаржы ұйымдарымен қоса қаржыландыру. Яғни, бағдарлама аясында халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастыққа мән беріледі. Соның ішінде Дүниежүзілік Банк тобы, Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі, Азия Даму Банкі, Ислам Даму Банкі секілді халықаралық қаржы институттары әріптестік туралы негіздемелік келісімдерге сәйкес Қазақстанға қаржылық және техникалық қолдау көрсетеді.
«Бүгінгі күні жетекші Халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлескен жобалар арқасында 3300 шақырымнан астам автомобиль жолдарын реконструкциялау көзделеді. 380 мың гектардан астам жер алқабында суармалы жерлердің мелиоративтік жай-күйі жақсартылып, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын дамытуды қоса алғанда, инфрақұрылымды дамыту қарастырылады. Айта кетерлігі, қазіргі күні 1 млрд АҚШ долларынан астам сомаға 18 келісімге қол қойылған. Жыл соңына дейін 500 млн. АҚШ долларына тағы 9 келісімге қол қойылатыны күтіледі. Сонымен қатар, Халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлескен жобаларды қоса қаржыландыруға 2015-2016 жылдары 20,3 млрд. теңге, оның ішінде 2015 жылы - 8 млрд. теңге, 2016 жылы - 12,3 млрд. теңге бөлінген.
«Жалпы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы 2015-2016 жылдары экономиканың өсімі мен жұмыспен қамтуды қамтамасыз етудің негізгі тірегінің біріне айналды. Оны іске асырудың нәтижесінде біз 2015-2016 жылдары экономиканың рецессиясына жол бермедік. Мәселен, 2015 жылы мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың тиімділігі 125,6 мың жұмыс орнын, оның ішінде 22,5 мың тұрақты жұмыс орнын, 103,1 мың уақытша жұмыс орнын құра отырып, ЖІӨ өсімінде 1,3 пайыздық тиімділік құрды. Ағымдағы жылы «Нұрлы жолдың» ЖІӨ өсуіне қосқан үлесі 200 мың жұмыс орнын қамтамасыз ете отырып, 1,2 пайыздық коэффициент құрады», - дейді министр Қуандық Бишімбаев.