«Нұрлы жол» мен «Нұрлы жер»: мемлекеттік бағдарламалар барысы қалай
Өңдеу өнеркәсібі экономика драйверіне айналып келеді
Өңдеу өнеркәсібі экономика өсімінің негізгі драйверіне айналды, деген жай сөз емес. Расында, өнеркәсіп саласында айтарлықтай жетістіктер бар. Жыл сайын өңдеу өнеркәсібінің ауқымы мен көрсеткіші арту үстінде. Мысалы, бағдарламаны жүзеге асыру жылдарында 5,112 трлн. теңгенің 1 070 жобасы іске қосылып, 101,4 мың тұрақты жұмыс орны ашылған. Бағдарлама жобалары 8 трлн теңгенің өнімін өндірді. Кейінгі жылдарды айтар болсақ, мәселен, 2016 жылы 2,2 трлн. теңгенің өнімі шығарылған екен. Ал, Индустрияландыру картасына енгізілген жобалар орта есеппен айтқанда, ай сайын 180 млрд. теңгенің өнімін өндіріп отырған. Тағы бір айта кететін жайт, Картаға енгізілген жобалар бұрын Қазақстанда өндірілмеген 500 жаңа өнім түрін игерді. Олардың қатарында жүк және жолаушылар вагондары, электровоздар, жеңіл автокөліктер мен автобустар, трансформаторлар, рентген аппаратуралары, жарықдиодты шамдар, титан құймалары мен слябтар, дәрілік заттар, сүт өнімдері және тағы басқалар бар.
2017 жылдың алғашқы тоқсанында өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 11,8 мың АҚШ долларын құрап, 5,3%-ға артты. Ал қаңтар-мамыр аралығында өңдеу өнеркәсібіндегі экспорт көлемі 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 27,8%-ға артып, 6,2 млрд долларды құрады. Бұл әлемдік нарықтағы баға конъюнктурасының қолайлылығына, өнімді өткізу нарығының кеңеюі мен жеткізу өсіміне байланысты іске асырылып отыр. Өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 411,1 млрд. теңгені құрады. Яғни, 2016 жылдың қаңтар-маусым айларымен салыстырғанда 27,5 млрд. теңгеге өсіп, 2,7%-ға артқан.
Индустрияландыру не берді дегенде, ең бірінші кезекте, жұмыс орындарының ашылуын, осының арқасында халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарқағын атап өтуге болады. Мәселен, Индустрияландырудың екінші бесжылдығы іске асырыла бастағаннан бері (2015-2016 жж.) 7 трлн. теңгенің 258 жобасы іске қосылып, 21 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Ал, биыл 489,8 млрд. теңгеден асатын 32 жоба іске қосылды. Мұнда шамамен 3,9 мың жұмыс орны ашылғанын айта кету керек. 2017 жылдың 2-ші жартыжылдығында құны шамамен 1 трлн. теңгеден асатын 100 жобаны іске қосу жоспарланған. Бұл жобалардың қатарында Павлодар облысындағы теміржолға арналған дөңгелектер шығаратын «Проммашкомплект» ЖШС кешені мен алюминийді легирлейтін «Giessenhaus» ЖШС, Алматы облысының Қапшағай қаласындағы азық-түлік өндіретін «Мареван фуд» ЖШС бар. Жобалар іске асқанда тағы 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылатын болады. Сонымен қатар, Индустрияландыру картасынан тыс Арнайы экономикалық аймақтар мен Индустриялды аймақтарда 280 млрд. теңгенің 100-ден астам жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл жобалар іске қосылған кезде 6800 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
«Нұрлы жол» жол қозғалысын жандандырады
Қазақстандағы автомобиль жолының ұзақтығы 96,5 мың шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық желі - 23,7 мың, жергілікті желі 72,8 мың шақырым. 2010 жылдан бері республикалық маңыздағы 5 мың шақырым жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, реконструкцияланды. Нәтижесінде республикалық, облыстық және аудандық маңыздағы автомобиль жолдары жақсы және қанағаттанарлық деңгейге шықты. 2015-2016 жылдар кезеңінде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 616 млрд. теңге бөлінген болатын. Барлық бөлінген қаржы игеріліп, 1,3 мың шақырым автомобиль жолы І және ІІ техникалық санат параметрі бойынша реконструкцияланды.
Жалпы, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында автожол жобаларына 2016 жылдың қорытындысы бойынша 324,8 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаржыға республиканың 12 облысын қосқанда 1,7 мың шақырым жол реконструкцияланды. Олардың қатарында Батыс Еуропа - Батыс Қытай, Орталық-Оңтүстік, Орталық-Шығыс, Бейнеу-Ақтау, Алматы-Өскемен, Астана-Петропавл, Ақтөбе-Атырау және Орал-Каменка жобалары бар. Бұл жобалардағы жұмысқа 75 мың адам жұмылдырылды және онда 90 %-дан астам отандық өндірушілердің материалдары қолданылды. Айта кететін бір жайт, жыл қорытындысы бойынша жөндеу жұмыстарынан кейін 767 шақырым жол ашылды. Батыс Еуропа - Батыс Қытай транзиттік дәлізі, толығымен пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Ертіс өзені арқылы өтетін ұзақтығы 12 шақырым болатын Павлодар қаласындағы Орталық Азиядағы ең үлкен көпірдің құрылысы аяқталды.
Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру аясында жалпы ұзақтығы 4,4 мың шақырым болатын 22 автожол жобасын іске асыру көзделген. Орталық-Оңтүстік жобасы бойынша ұзақтығы 14 шақырым болатын Теміртау-Қарағанды учаскесін реконструкциялау жалғасуда. Біз Дүниежүзілік және Еуропалық банктер қаржыландыратын ұзақтығы 228 шақырым болатын Құрты-Бурылбайтал учаскесінің жұмысына кірісіп кеттік. Сондай-ақ, бюджет қаржысы есебінен ІІІ тоқсанның соңына дейін Қарағанды қаласының Солтүстік-Шығыс айналма жолы учаскесін реконструкциялау басталады. 2018 жылдан бастап Дүниежүзілік банк есебінен Балқаш-Бурылбайтал (297 км) учаскесін және Құрты-Қапшағай (67 км), 2019 жылы Қарағанды-Балқаш (364 км) учаскелерінде жұмыстарды бастауды жоспарлап отырмыз.
Биыл Орталық-Шығыс жобасын іске асыруға 106 млрд. теңге бөлінді. 675 шақырымда жұмыс жіргізілді және жылдың соңында Астана-Павлодар учаскесінің 230 шақырымында жолдың 4 жолақты қозғалысын ашу жоспарланған. Сонымен бірге, ұзақтығы 36 шақырым болатын соңғы учаске - Семей-Қалбатау бөлігіндегі жұмыс аяқталады. Ал, Орталық-Батыс жобасы бойынша 2020 жылға дейін Денисовка-Қостанай (114 км) учаскесін аяқтау жоспарлануда. Бұдан бөлек, министрлік ұзақтығы 2 мың шақырым болатын Жетібай-Жаңаөзен, Талдықорған-Өскемен, Меркі-Бурылбайтал, Қалбатау-Майқапшағай, Үшарал-Достық, Бейнеу-Ақжігіт, Таскескен-Бақты, Осиновасуы, Щучье-Зеренді сияқты жаңа жобаларды іске асыруға кірісті. Іске асырылған жобалар бойынша бірінші жартыжылдықта 112 млрд. теңге игерілді және бұл жобаларға 80 мың адам жұмылдырылды. Жыл қорытындысы бойынша бағдарлама шеңберінде 1 және 2 техникалық санаттағы 602 шақырым жолды аяқтау жоспарланып отыр, соның ішінде Бейнеу-Ақтау және Алматы-Талдықорған автожолының реконструкциясын толық аяқтау көзделген.
Бұдан бөлек, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында іске қосылған Құрық портының теміржол паромдық кешенінде жыл басынан бері 760 мың тонна жүк ауыстырылып тиелді. Тиелген жүктердің негізгі түрлері - мұнай өнімдері, халық тұтынатын тауарлар, химикаттар, қондырғылар мен металл өнімдері. Ал, жыл соңына дейін аталмыш терминал арқылы шамамен 1 млн. тонна жүкті ауыстырып тиеу жоспарлануда. «Қорғас-Шығыс қақпасы» Арнайы экономикалық аймағындағы «Құрғақ порт» пайдалануға берілгеннен бері 219,5 мың контейнер өңделді. Қазіргі уақытта «Қорғас - Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында 76 қатысушы тіркелген және 350-ге жуық жұмыс орны ашылды.
Сондай-ақ, теміржол саласы бойынша Алматы-Шу учаскесінде ұзақтығы 112,37 шақырым болатын екінші жолдың құрылыс жобасы іске асырылуда. Бұден бөлек, өткен жылы ұзақтығы 14 шақырым болатын Боржақты - Ерсай теміржол желісі пайдалануға берілді. Ол Құрық портын теміржол магистральді желісімен қосады. Пайдалануға берілген күннен бастап теміржол желісі арқылы 500 мың тонна құрылыс жүктері тасымалданды. Сонымен қатар, Астана қаласы әуежайының жаңа жолаушылар терминалы құрылысының аяқталып, пайдалануға берілгенін жақсы білесіздер. Бұлардан басқа да жобалар бар.
«Нұрлы жер» аясында 2031 жылға дейін 1,5 миллион адам баспаналы болады
«Нұрлы жер» - экономикалық өсімді ғана емес, халықтың мұқтаждығын шешуді мақсат етеді.Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында экономиканың толыққанды драйвері ретінде құрылыс секторын одан әрі дамыту міндетін жүктеген болатын. Мемлекет басшысы Үкіметке жаңа «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысының бағдарламасына ерекше назар аударуды тапсырды.
«Нұрлы жер» 2017-2031 жылдарға арналған. Негізгі мақсаты халыққа тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін тұрғын үй құрылысын дамыту мәселелерін кешенді шешу. Жалпы, 15 жылда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 1,5 миллионға жуық қолжетімді тұрғын үй салу жоспарланған.
Биылғы жылдың жоспарына сәйкес «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 10,1 млн. шаршы метрден астам тұрғын үйді (99 мың пәтер) пайдалануға беру күтіліп отыр. Оның ішінде мемлекеттік инвестиция есебінен 1,5 млн. шаршы метр тұрғын үй (25 мың пәтер) тапсырылмақ. Биыл 8 айда барлық қаржыландыру көздерінен жалпы алаңы 6,9 млн. шаршы метр болатын тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Бұл 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,4%-ға жоғары көрсеткіш.
Жалпылама айтсақ, 2016-2018 жылдары жалпы аумағы 588,7 мың шаршы метр болатын тұрғын үй салынатын болады. Биыл жыл соңына дейін 140,6 мың шаршы метр (2431 пәтер), 2018 жылы 70,6 мың шаршы метр тұрғын үйді (1225 пәтер) пайдалануға беру жоспарлануда.
Бағдарлама аясында салынған тұрғын үйлерді сатып алуды қамтамасыз ету үшін Қазақстан Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі салымшыларын несиелеу мақсатында Ұлттық қордан 22 млрд. теңге бөлінді. Оның 8,9 млрд. теңгесі немесе 40%-ы игерілді. Астана, Алматы қалаларында және Шығыс Қазақстан облыстарында аумағы 306,4 мың шаршы метр (6048 пәтер) болатын 7 жобаның құрылысы жүріп жатыр. Бұл құрылыстар 2018 жылдың наурыз-маусым айларында аяқталады.
Биыл сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысына 25 млрд. теңге мақсатты трансферт бөлінді және өңірлерге 1,5 млрд. теңгеден таратылды. Өңірлерге аударылған 14,3 млрд. теңге қаржының 1 қыркүйектегі есеп бойынша, 13,3 млрд. теңгесі немесе 93%-ы игерілді. Биыл бұл бағытта 150 мың шаршы метр тұрғын үйді тапсыру жоспарлануда.
Тұрғын үй құрылысы жүріп жатқан аудандарға, соның ішінде жеке тұрғын үй салынып жатқан жерлерге инженерлік коммуникация тартуға биыл республикалық бюджеттен 83,4 млрд. мақсатты трансферт бөлінді. 1 қыркүйектегі есеп бойынша өңірлерге аударылған 51,1 млрд. теңгенің 46,1 млрд. теңгесі немесе 90,3%-ы игерілді. Бұл қаржыға 3633 шақырым желі тарту жоспарланған болатын. Қазіргі уақытта оның 1435,9 шақырымы тартылды. Мұнда 60 мың жеке тұрғын үй құрылысы салынатын жер учаскелерін қамту көзделген.
Жеке құрылыс салушыларды ынталандыру аясында жыл сайын 3 жыл қатарынан жеке құрылыс салушыларды несиемен субсидиялау үшін 11 млрд. теңгеден бөлуді қарастырып отырмыз. Қазіргі таңда БанкЦентрКредит, АТФ банк, Сбербанк, Нұрбанк, Евразиялық банк, Казкоммерцбанк және Цеснабанк құрылыс компанияларына тұрғын үй салу үшін кредит беру жөніндегі жобаларға қатысатындарын растады.
Жалпы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 2031 жылға дейін 1,5 млн адам жеке баспанаға ие болатынын жоғарыда айтып өттім. Олардың 500 мыңнан астамы таяу бес жылдың ішінде баспаналарын алатындығы күтіледі. Аталған бағдарлама аясында жеке тұрғын үй қорына 10 сотық көлемінде 664 000 жер телімі берілетін болады. Азаматтар Қазақстан ипотекалық компаниясы мен Қазақстанның Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі арқылы 35 000 арендалық баспана, 280 000 несиелік үй алады. Сонымен бірге, 521 000 коммерциялық тұрғын үй ипотека арқылы берілетін болады. Осылайша халықтың тұрғын үйге қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесі біртіндеп шешіле беретін болады.