«Нұрлы жол» жаңа вокзалына алғашқы пойыздар келе бастады

Аса жайлы «Сарыарқа» электр пойызымен елордасына алғашқы 200-ден астам жолаушы келіп жетті.
Пойыздың аға жолсерігі Лаура Жәркенованың айтуынша, «біз жолаушыларға пойыздың жаңа вокзалға тұрақтайтындығын алдын ала айттық. Шындығын айту керек, жаңа вокзалға алғашқы болып келетіндігімізге қуанғанымызбен біз қатты қобалжыдық. Есте қаларлықтай тарихи оқиға болды».
Жолсеріктің айтуынша, «Қарағанды -Астана» бағдарындағы жаңа жылжымалы құрамында жолаушыларға барлық қолайлы жағдай жасалған. Вагондарда ауа баптағыш, жолаушылар ағынын тіркеп, сараптап отыру үшін бейне бақылау жүйесі орнатылған».
Л. Жәркенованың айтуынша, жолаушылар экологиялық биотуалет кешені, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған көтергіш қондырғылары да бар.
Балқаштан келген Жүсіповтер отбасы жаңа вокзалға келіп кіргендеріне қуаныштарын жасырмады.
«Біз Астанада жаңа үлгідегі вокзал салынып жатқандығын теледидардан көріп, естіп жүрдік. Бірақ осыншалықты ғажайып екендігін алғашқылардың бірі болып өз көзімізбен көрдік. Мұнда біз жаңа үлгідегі пойызбен келдік. Вокзал ғажайып үлкен екен. Барлығы да жаңа технология бойынша салынған. Біздің ойымызша, ЭКСПО-2017 қонақтарын лайықты қарсы алады»,-дейді М. Жүсіпов.
Вокзал кешені бастығының кезекші көмекшісі Е. Рымбаевтың айтуынша, мұнда жұмыс жасау жас мамандар үшін өз мүмкіндігін барынша көрсетуге ыңғайлы.
«Біз арнайы дайындықтан өттік. Барлық шетелдік қонақтарға тиісті ақпараттарды түсіндіре аламыз. Теміржол саласында қызмет етіп, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын көтеру біздер үшін үлкен жауапкершілік жүктейді»,-дейді Е. Рымбаев.
Бүгін, 1 маусымда жаңа вокзал кешеніне Павлодар, Маңғыстау жолаушылар пойыздары келіп тоқтаса, осы станциядан Шымкент, Көкшетау, Алматы бағдарына пойыздар жіберілді.
Жаңа вокзал кешені 54 пойызға қызмет көрсетеді. Оның 22-сі «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызы, 16-сы қарапайым пойыздар, 16-сы қалааралық пойыздар.