Нұрмахан Әділбеков Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы болып тағайындалды

АСТАНА. KAZINFORM – Нұрмахан Әділбеков ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы болып тағайындалды.

Нұрмахан Әбілқасымұлы Әділбеков
Фото: Қаржы министрлігі

Ведомство мәліметінше, тиісті бұйрыққа Қаржы министрі 2026 жылғы 1 маусымда қол қойған.

Нұрмахан Әбілқасымұлы 1973 жылғы 19 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 1994 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, 2004 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 1994 жылы Шымкент облысындағы «Победа» мақта өсіру совхозында бастаған. Кейін 1995 жылдан 2010 жылға дейін Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінде түрлі қызметтер атқарды.

2014-2020 жылдары «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ-да әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеді.

2020-2022 жылдары Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Республикалық меншік объектілерін сату және жекешелендіруден кейінгі бақылау басқармасын басқарды.

– 2022 жылдан бастап 2024 жылға дейін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Шымкент мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы қызметін атқарды. Ал 2024 жылдан бері ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті төрағасының орынбасары болды, – деп хабарлады ведомство.

Еңбек жолында мемлекеттік басқару және мемлекеттік мүлікті басқару саласында мол тәжірибе жинақтаған маман бірқатар мемлекеттік наградалармен марапатталған.

Атап айтқанда, 2001 жылы «Қазақстан Тәуелсіздігіне 10 жыл», 2016 жылы «Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлық медальдарын алған.

Сондай-ақ 2020 жылы «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгісімен, 2021 жылы «Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне 100 жыл» және «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің құрылғанына 30 жыл» мерейтойлық белгілерімен марапатталған.

2023 жылы Нұрмахан Әділбеков Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденімен марапатталды.

Айта кетейік, Әділ Құсманов Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары болды.