«Нұротандықтар бір миллионға жақындады» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 4 шілде. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 4 шілде, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

 ***

«Атыс-шабысқа толы  шетелдік шытырмандарды көре-көре мезі болған, ұлттың рухын оятатын нағыз өнерге сусап жүрген қалың көрерменін ерекше көңіл-күйге бөлеген  режиссер Ақан Сатаев­тың «Жаужүрек мың бала» тарихи драмасы 6 шілде күні 10.30-да «Хабар» телеарнасы арқылы көр­се­тіледі! Бұл жағымды жаңалық­ты Астана күніне жасалған тарту деп қабылдауға әбден болады. Өйткені, прокатка жаңа шыққан, кинотеатрлардағы көрсетілімі табысты өтіп жатқан толықметраж­ды фильмнің ыстық-суығы ба­сыл­май жатып, іле теледидар арқылы көрсетілуі біздің елімізде тұңғыш рет жүзеге асырылғалы отыр», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Жаужүрек мың бала» 6 шілдеде «Хабар» телеарнасында көрсетіледі!» деген тақырыптағы материалында.


 Кеше Астана қаласындағы Ұлттық кардиохирургиялық ғылы­ми орталықта еліміздің бас кар­диохирургі доктор Юрий Владимирович Пя германиялық әріп­тес­тері­мен бірге  посткеңестік кеңістікте бұрын-соңды жасалмаған отаны жү­зеге асырып, донор жүрегіне мұқ­таж сырқатқа жасанды жүректі имплантациялады. Бұл - әлемдегі осындай үшінші ота. Алғашқы ота - Германияда, екіншісі - АҚШ-та жасалған болатын. Енді міне, үшінші ота біздің елімізде жүзеге асырылып отыр. Осы жайт арқау болған ақпарат «Егемен Қазақстан» газетінде «Әлемдегі үшінші ота» деген тақырыппен басылды. «Жасанды жүрек жүрек-қан тамырлары ауруларының ауыр түріне шалдыққан Астана қаласының 61 жасар тұрғынына қондырылды», -деп жазады басылым.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, еліміздегі жетекші партия мүшелерінің саны 1 миллионға жақындады. «Нұр Отан» партиясының қатарына кеше қабылданған жаңа мүшелерге партбилеттерін тапсыру кезінде, Ерлан Қарин осылай мәлімдеді. Партия хатшысының айтуынша, партия мүшелері қатарының жыл өткен сайын көбеюі, бұқара халықтың Мемлекет басшысына және «Нұр Отан» партиясына деген сенімдерінің белгісі. «Біз дұрыс саясат ұстанып, дұрыс бағытқа желкен керіп отырмыз. Халық бізбен бірге болғысы және бізді қолдағысы келеді.  Былтыр партия құрамында 800 мың адам болса, ағымдағы жылдың маусым айында партия мүшелерінің саны 900 мыңнан асып, миллиондық межеге бет бұрды. Соңғы бір жарым жыл көлемінде  80 мың қазақстандық партия қатарына қабылданды»,-деді билік партиясының өкілі. Мақала «Нұротандықтар бір миллионға жақындады» деген тақырыппен берілді.


 «Айқын»
газетінің сәрсенбілік санындағы «Курчатов ғылым қаласы атанбақ» деген тақырыптағы мақаласында ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаев аймақтағы Курчатов қаласына ғылым қаласы мәртебесін беруді ұсынғаны жайында жазылған. Бұл жөнінде аймақ басшысы облыстық мәслихат сессиясында мәлімдеді. «Шығыс Қазақстан облысында Курчатов қаласы осындай мәртебеге лайықты. Аталған шаһар бұрын да ғылымның ошағы болған. Білім және ғылым министрлігінде Курчатовқа осындай мәртебе беру мәселесіне қатысты жұмыс тобы құрылды»,-дейді Б. Сапарбаев.

***

«Алаш айнасы» газетінде «Қант диабетінің алдын алу үшін не істеу керек?» деген тақырыппен мақала басылды. «Қазір қант диабетімен ауыратын науқастар мен одан қайтыс болып жатқандардың саны қалада да, ауылда да өсіп жатыр. Қайтыс болу немесе осы аурудың салдарынан жас кезінде еңбек қабілетін жоғалту, бұл тек қана жеке адамның қайғысы емес, бұл - мемлекет үшін үлкен әлеуметтік-экономикалық шығын. Өйткені бұл аурумен адамдар ең бір белсеніп жұмыс істейтін шағында ауырып, мүгедек болып қалады. Қазір қант диабетімен ауыратын науқастар тегін емделеді»,- деп жазады басылым.

***

 «Оңтүстік өңірдің жер өңдеушілері Астана күніне орай елордалықтар үшін азық-түлік керуенін бағыттады»,-деп жазады «Казахстанская правда» газеті «Караван для Астаны» деген тақырыппен жарияланған мақаласында. 18 үлкен жүк көліктері сапынан жасақталған бұл керуенде Астанаға көкөніс, жеміс-жидек, құс еті, ауыл шаруашылығы өнімдерінің басқа да тауарлары жөнелтілді. Жалпы, елордаға келе жатқан бұл өнімнің салмағы 200 тоннаға жуық. Елорда тұрғындарының бұл өнімдері базардағы бағаға қарағанда екі есе төмен бағамен сатып алу мүмкіндіктері бар.

Соңғы жаңалықтар