18:24, 04 Ақпан 2009 | GMT +5
Нұротандықтар «Біздің партиямыздың биік белестері» тақырыбына арналған жиын өткізді
АҚТАУ. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - «Нұр Отан» ХДП Ақтау қалалық филиалы «Біздің партиямыздың биік белестері» тақырыбына арналған кеңейтілген мәжіліс өткізді.

Жиында партия филиалының өткен жылы жасаған іс-шаралары баяндалып, 2009 жылы атқарар және партияның биылғы 10 жылдық мерейтойына орай өткізетін шараларының жоспары таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Партияның Ақтау қалалық филиалы биылғы жұмысын 89 бастауыш партия ұйымына топтасқан 9 мыңнан астам адаммен бастап отыр. Оның ішінде 29 ұлттың өкілі бар. Осы жылғы ең басты іс-шараларымыз партияның 10 жылдығына арналмақ. «Біздің партияның биік белестері» атты акция аясында партия активінің жиналыстары, партия ардагерлері мен жастардың кездесулері, «Өркенді он жыл» деген тақырыпта дәрістер оқу сияқты тағы да басқа шаралар өткізіледі. Көктем айларында мәдениет, өнер қайраткерлері және партия қызметкерлерінен құралған ақпараттық-насихаттық топтар құрылып, халықпен тығыз жұмыс істейтін болады. Бірқатар шаралар мемлекеттік және кәсіби мерекелерге орайластырып ұйымдастырылмақ. Оған қала жастары мен «Жас Отан» жастар қанатының белсенділерін жұмылдырмақпыз»,- дейді «НұрОтан» ХДП Ақтау қалалық филиалының төрағасы Тарас Хитуов. Жиынға қатысушылар биылдан бастап қала әкімінің іс-қимыл жоспары алдымен партия ұйымында талқыланып, содан кейін мәслихат қарауына берілуі партияның беделі мен саяси ықпалын арттыра түсетінін атап өтті. Партияның басты міндеттері ретінде азық-түлік бағасын тұрақтандыру, тұрғын-үй және баспана мәселесі, жастар мен жасөспірімдердің жағдайы, сыбайлас жемқорлықпен күрес және медициналық қызмет сапасын жақсарту жайы қала бермек. Басқосуда партия жұмысының пәрменділігін арттыруға байланысты ұсыныстар да айтылды.