«Нұротандықтар» ел ішіндегі жұмыстарға ұйытқы болып отыр
Л. 17 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - «Нұр Отан» ХДП мүшелері ел ішіндегі жұмыстарға ұйытқы болып отыр. Бұл туралы «Нұр Отан» ХДП Жәнібек аудандық филиалы конференциясында айтылды.
Партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жақсылық Абдоловтың айтуынша, ауданда бүгінгі таңда 1522 партия мүшесі есепте тұр. 2009-2010 жылдарда аудандық филиалдың 20 бастауыш партия ұйымы жұмыс істеді.
Жоспарға сай жүргізілген жұмыстардың арасында партияның халықтық тұғырнамасына сай «Ауылдың әлеуметтік-инфрақұрылымын дамыту» тақырыбында Жәнібек ауылында облыстық деңгейде өткен семинар-кеңесті атап өтуге болады. Партия ұйымы аудандық мәслихат депутаттары және аудандық фракциямен тығыз байланыста жұмыс істейді. Депутаттар өтінішпен келген азаматтарды кестеге сай қабылдайды. Өткен жылдың тамыз айында «Мемлекеттік бағдарламаның орындалуына азаматтық бақылау» акциясы өткізіліп, «Жол картасы» бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатқан орталық аурухананың күрделі жөндеу жұмыстарының сапасы тексерілген. Аудандық прокуратурамен бірлескен іс-шаралар жоспарына сай сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында кездесулер өтіп тұрады.
Партия филиалының «Жас Отан» жастар қанаты да біршама жұмыстарға ұйытқы болуда. 2009-2010 жылдар ішінде «Дипломмен ауылға» жобасына сәйкес ауданға 74 жас маман келіп, оларға мемлекеттік бағдарлама бойынша әлеуметтік көмек көрсетілген.
Конференцияда партияның аудандық филиалы саяси кеңесінің және тексеру комиссиясының жаңа құрамы сайланды. «Нұр Отан» облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы, облыстық мәслихаттың тексеру комиссиясының төрағасы Самат Оспанов партия жарғысына сәйкес Жәнібек аудандық партия филиалының төрағалығына аудан әкімі Рыспай Өтешевтің кандидатурасын ұсынды. Осы міндетті бұдан бұрын да абыроймен атқарып келген Рыспай Өтешевтің кандидатурасын делегаттар ашық дауыс беру арқылы бірауыздан мақұлдады