Нұротандықтар Маңғыстау облысында кездесулер өткізді
АСТАНА. 9 қаңтар. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясы Жаңаөзен қаласындағы қалпына келтіру жұмыстарын және еңбекке орналастыруды шешу мәселелерін өз бақылауына алады.
Бұл туралы Ақтау қаласында болған кезінде партия төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин мәлім етті, деп хабарланды партияның баспасөз баянында.
Бүгін «Нұр Отан» ХДП республикалық сайлауалды штабының мүшелері Ақтау халықаралық теңіз сауда порты жұмысшыларымен және мұнайшылармен өзінің сайлауалды тұғырнамасының негізгі қағидаттарын талқылады. Нұротандықтар өздерінің таяудағы 5 жылға арналған іс-қимылының негізгі бағыттары туралы айтып берді.
Маңғыстау жеріндегі кездесулер аймақта жағдайдың тұрақтанғандығын көрсетеді және облыс тұрғындары - мұнайшылар, теңіз портының және басқа да салалардың қызметкерлері тыныштық пен тұрақтылық біздің негізгі құндылықтарымыз екенін жақсы түсінеді, деп атап өтті Н.Нығматулин.