Нұрсұлтан Назарбаев егер тұрғындар пайдаланып қалғысы келмесе, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы жабылуы мүмкін екенін ескертті
КӨКШЕТАУ. 10 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Ақмола облысының жұртшылығымен кездесу барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасын талқылай отырып, тұрғындардың бұл жобаның пайдасы мен артықшылықтарын әлі де түсіне қоймағанын, сондықтан бұл бағдарламаның мерзімінен бұрын жабылуы мүмкін екенін атап өтті.
«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту мәселелері туралы айтсақ, біз бұған ешқашан кіріскен емеспіз, оған мүмкіндік болмады. 40-50 жыл тұрған барлық «хрущевкалар» қирап жатыр. Енді біз: «Егер өз меншігіңіздегі пәтеріңізді жөндеуден өткізгіңіз келсе, мемлекет сізге жартысын төлеп береді, қалған жартысын өздеріңіз төлейсіздер» деп айтамыз. Мемлекетке бұл шығынның жартысын 20 жылдан кейін пайызсыз қайтарасыздар. Коммуникация, үйдің шатырын, кіреберістерін жөндеңіздер. Бұдан кейін тұрғын ауданның шаршы метрінің бағасы үш есеге өседі». Бірақ осыны адамдарға түсіндіре алмай-ақ қойдық. Егер осылай жалғаса берсе, бұл бағдарламаны жабуға тура келеді», - деп атап өтті Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы тұрғындардың бұл мәселеге қатысты ұстанымының дұрыс емес екенін, өйткені оларға барлығын тегін жасап беру керек деп ойлайтынын атап өтті. «Қазір нарық заманы, тегін ештеңе жоқ. Болашақта да тегін келетін ештеңе жоқ. Керісінше, бәрін өз мойындарына алу үшін халықтың кірісін көтереміз. Бұл білім саласына да, денсаулық сақтау саласына да, басқаларына да қатысты. Енді үнемі осылай болады», - деп сендірді Мемлекет басшысы.