Нұрсұлтан Назарбаев: Қазақ қара киімді қаралы кезде ғана киеді
Бұл біздің дәстүрімізге де, халқымызға да жат. Бұған заңнамалық деңгейде тыйым салу мәселесін пысықтау керек. Қазақ қара киімді қаралы кезде ғана киеді»,-деп мәлімдеді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерімен кездесуі кезінде. Елбасы осы жиында қазақ мәдениетінің тарихына, қазақ әйелдерінің дәстүрлі киіміне тоқталып, қара киім мен діннің арасында ешқандай байланыс жоқ екенін айтты.
Еске сала кетейік, жақында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Президент жанындағы қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияны құру туралы Жарлыққа қол қойды. Ұлттық комиссияның құрамына Президент Әкімшілігің жетекшісі Әділбек Жақсыбеков (төрағасы), Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Марат Тәжин (төрағаның орынбасары), Премьер-Министр Кеңсесінің басшысы Нұрлан Алдабергенов (төрағаның орынбасары), Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева (хатшысы) кірді. Комиссия мүшелерінің тізімінде - министрлер, Астана және Алматы қалаларының, облыстардың әкімдері, Парламент депутаттары, саяси партиялардың жетекшілері, жоғары оқу орындарының ректорлары, мемлекеттік мекемелер мен ғылыми институттардың басшылары, қоғамдық бірлестіктер мен БАҚ-ның өкілдері бар.
Мақаламыздың басындағы қара киім, хиджаб кию деген мәселеге оралайық. Жуырда «Астана» телеарнасына сұхбат берген Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің өкілі Бақыт Күлекеев «Елімізде жыл соңына дейін хиджаб киюге тыйым салынуы мүмкін» деген ашық пікір айтты. «Елбасымыздың айтылған сөзінен кейін тиісті тапсырма келеді. Қазірдің өзінде бұл мәселеге біз көңіл аударып, зерттеудеміз. Тыйым салына ма? Қандай түрде, қандай деңгейде салынады? Оның барлығын ойластыру керекпіз. Әуелі заңнамалық өзгерістерді қараймыз. Мемлекеттік органдардың пікірін жинақтаймыз, содан соң заңнамаға да өзгерістер енуі мүмкін»,- деді ол.
Айтпақшы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да «паранжа мен қара киім - салтымызға қайшы келеді» деген ұстанымын жария етті. «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі мұсылман қыз-келіншектер мен әйелдерді киім кию үлгісінде шариғат талаптарын сақтай отырып, қазақ халқының салт-дәстүрлерін ескеріп, жинақы киінуге кеңес береді. Көзге ерсі көрінетін, дене бітімін айқындайтын, қара түсті киім-кешектерді пайдаланбаған дұрыс. Ал паранжа (ниқаб) мен қара киім кию - салтымызға қайшы, бұл ата-бабаларымыздың жолы емес»,- делінген құзырлы басқарма таратқан мәлімдемеде.
Көрнекті дипломат, исламтанушы ғалым, Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Лама-Шариф қазір хиджаб киіп жүрген қыз-келіншектеріміздің өздері сол киімнің шариғатқа ешқандай да сай келмейтініне көз жеткізіп, өздері шешуі керектігін айтады. «Ешқандай заң шығарудың, тыйым салудың қажеті жоқ. Бұл тек күшті насихат арқылы, ой салу арқылы жеткізетін дүние. Себебі дін дегеніміз - сөзбен түсіндіру»,- дейді ол.