Нұрсұлтан Назарбаев қазір негізінен дағдарысқа қарсы тақырыптағы әдебиеттерді оқып жүргенін айтты
АСТАНА. Қазанның 13-і. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазір негізінен дағдарыс, одан шығу жолдарын, одан кейінгі даму жолдарын баяндайтын әдебиеттерді оқып жүр. Бұл туралы ол бүгін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де дәріс оқығаннан кейін аудиториядан түскен сауалдарға жауап қайтару кезінде айтты.
«Сіздің жұмысыңыз қауырт болғанмен, қандай газеттерді оқисыз, қазір қандай кітаптарды оқып жүрсіз? Жастарға қандай әдебиеттерді оқуға кеңес берер едіңіз? - деп сұрақ қойды болашақ журналист қыз.
Негізгі жаңалықтарға шолуды Президентке баспасөз қызметі әзірлейді, деді Н.Назарбаев. Бұдан басқа өзі телеарналардың жаңалықтар бағдарламасын қарайды, таңертеңгілік жаңа газеттерді қарап шығады. «Қазақстанның негізгі барлық басылымдарын міндетті түрде, соның ішінде опппозициялық газеттерді де қарап шығамын, - деді Мемлекет басшысы. - Ресейлік газеттерге де назар аударамын, халықаралық жаңалықтармен танысамын. Бұл менің жұмысымның бір бөлігі».
«Көп оқуға уақыт табыла бермейді. Дегенмен мен оқуды ұнатамын және оған уақыт табамын. Бір күн, жексенбіде жұмыс жасамауға тырысамын және кеште оқимын», деді ҚР Президенті. Соңғы оқыған кітаптарының ішінен Жак Атталидің дағдарыс туралы жұмысын және Рузвельттің «Камин жанындағы әңгімелер» кітабын атады.
«Көріп отырсыздар, мен жұмысыма қатысты арнайы әдебиеттерге көңіл бөлемін, - деді Н.Назарбаев. Оның айтуынша, Рузвельтті оқи отырып, Ұлы дағдарыс кезіндегі жасалғандардың Қазақстанда қазір жүргізіліп жатқан дағдарысқа қарсы шаралармен, жұмыс орындарын сақтаумен үндес екенін байқауға болады. «Мәселен, «Жол картасы», - деді Мемлекет басшысы.
Президент жастарға қажетті нәрселерді ғана оқуға кеңес берді. Адамға қажетсіз кітаптар толып жатыр, оған уақыт шығындамаңдар», дегенді айтты. Ол сондай-ақ орыс классикасынан Л.Толстой мен Чеховты оқуға, ал Әуезовтің «Абай жолын» ана тілімізде, Шекспирді ағылшын тілінде оқуға кеңес берді.
«Мен сондай-ақ қазақстандық авторлардың жаңа дүниелерін оқуға тырысамын, олардың ішінде жақсы шығармалар аз емес», - деді Н.Назарбаев.