Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Павлодар облысына келді

  ПАВЛОДАР. 18 қыркүйек. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Павлодар облысына келді.

Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Павлодар облысына келді

Сапар барысында Елбасының өңірдің бірқатар нысандарын аралауы жоспарланған. Онымен қоса, ертең 19 қыркүйек күні Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы аймақаралық ынтымақтастығының ІХ форумына қатысатын болады.

Павлодарда 18 қыркүйек күні өтетін қазақстандық-ресейлік бизнес-форумының барысында екі елдің компаниялары жалпы сомасы 1,8 млрд. АҚШ долларын құрайтын сегіз келісімге қол қояды.

Бұл туралы 17 қыркүйек күні өткен брифингте ҚР Үкіметінің ресми өкілі Ержан Ашықбаев хабарлады.

Шара Қазақстан мен Ресейдің тоғызыншы аймақаралық форумының қарсаңында екі мемлекет басшыларының қатысуымен өтеді.

«Атап айтқанда, «Азиа Авто» және «АвтоВАЗ» компанияларының Қазақстанда «Лада» автомобильдерін шығару және сату туралы келісімге, сондай-ақ жалпы сомасы 900 млн. долларды құрайтын Екібастұз ГРЭС-2 № 4 энергиялық блогының құрылысы жобасын іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою күтілуде», - деді Е.Ашықбаев.

Оның айтуынша, аймақаралық форумда екі елдің президенттері кәсіпкерлік саласындағы өзара іс-қимыл мәселелерін, соның ішінде бірлескен бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды құру, сондай-ақ тауар нарықтары мен сауда ынтымақтастығы мәселелерін талқылайды.