Нұрсұлтан Назарбаевтың қандай жастарға көңілі толмайды
«Қай кезде болмасын, аға буынның жастарға көңілі толмай жүреді. Сіздің Президент ретінде қазіргі жастар туралы пікіріңіз қандай?», - деп сұраған еді кездесу барысында БАҚ өкілдері ҚР Президентінен.
«Біз жас болғанда үлкендердің көңілі бізге де толмайтын. Әркім өз уақытысында өтеді. Сондықтан бұл жерде не айтуға болады? Бұл жерде ешқандай жаңалық жоқ. Үлкен буынның дәл ізімен адамдардың барлығы жүретін болса ешқандай жаңалық та, білім де, алға жылжу да болмайды. Әр ұрпақ өзінің жолын табуы керек. Өз жолымен жүріп, заманына сай болуы қажет. Сондықтан оған өкініп, көңілі толмау деген дұрыс», - деп жауап берді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Елбасы қылмыс жасап, нашақорлыққа бой алдыратын, теріс қылықтар жасайтын жастарға көңілі толмайтындығын ашық айтты.
«Мен қазақтың балалары нашақорлыққа барса ренжимін. Еш уақытта қазақтың тарихында ондай болған емес. Басқаларға елігіп, жаман жаққа баратын болса соған қиналамын. Бұл да мемлекеттің қолындағы мәселе. Егер де жастар оқитын болса, қолында жұмысы болатын болса, өз ісімен шұғылданатын болса, басқаға уақыты болмас еді. Сондықтан мен жастарға жақсылық пен бақ тілеймін. Заман тыныш болып, жастардың жолы ашық болсын», - деп аяқтады ойын ҚР Президенті.