Нұртай Сабильянов: Өңірлерде энергетикалық инфрақұрылымның 70-80%-ы тозған

АСТАНА. KAZINFORM — Жаңадан қабылданған ұлттық жобаға сай, алдағы уақытта еліміздегі энергетикалық инфрақұрылым нысандары жөндеуден өтпек. Бұл жөнінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов «Jibek Joly» телеарнасының «Уәде» бағдарламасында мәлімдеді.

Нұртай Сабильянов
Фото: Kazinform

— Мемлекетте энергетикалық инфрақұрылымды және коммуналдық секторды жаңғыртуға байланысты ұлттық жоба қабылданды. Осыған байланысты заңдарға өзгерістер енгіздік. Биылдан бастап коммуналдық сектор мен энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға, жөндеуге қаражат бөлінеді. Қаражат қалай бөлінетінін, қалай жүзеге асатынын біз заң арқылы реттеп отырмыз, — деді депутат.

Сондай-ақ ол аталған мақсатта бөлінген триллиондаған қаражаттың тиімді жұмсалуы бақыланатынын атап өтті.

Одан бөлек Н. Сабильянов Семейдегі энергетикалық инфрақұрылымның жағдайына тоқталды.

— Семейде 21 қазандық, 1 жылу электр орталығы бар. Сол арқылы қала ғимараттары жылытылады. Қаражат уақытында бөлініп жатыр. Жобалық-сметалық құжаттар жасалған. Оларға республикалық бюджеттен қаражат бергіздік. Жұмыстар жүріп жатыр. Бірақ әлі де тозығы жеткен қазандықтар, әбден ескірген құбырлар мен құрал-жабдықтар бар. Осыларды рет-ретімен жөндеп, ауыстыруымыз керек, — деді ол.

Айта кетейік бұған дейін Премьер-министр Астананың энергетикалық инфрақұрылымын тексергенін жазғанбыз.