НҮСІПБЕКОВ АҚАЙ

іпбеков Ақай Нүсіпбекұлы (1909-1983) - қазақ тарихшысы, республиканың көрнекті қоғам қайраткері, ғалым, тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, корреспондент мүшесі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері.

НҮСІПБЕКОВ АҚАЙ

Қазіргі Алматы облысы Кеген ауданының Жалаңаш ауылында дүниеге келген. 1916 жылғы Жетісудағы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде әкесінен айрылған. 1918-1922 жылдары ұйғыр, орыс кулактарының малын бақты. 1926-1933 жылдары Алматы ауыл шаруашылық техникумында оқып, осы техникумының оқытушысы, директоры болған. 1933-1934 жылдары Қазақстан Коммунистік партиясы Алматы облыстық комитеті секторының меңгерушісі қызметін атқарды. 1934-1937 жылдары Мәскеудің Шығыс еңбекшілері университетінде оқыған. 1937-1939 жылдары - Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитеті мәдени-ағарту бөлімінің меңгерушісі. 1939-1941 жылдары Семейдегі басшы ұжымшар кадрларын даярлайтын республикалық оқу орнының директоры қызметтерін атқарған. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Панфилов дивизиясында батарея комиссары болды, дивизияның саяси бөлімінде қызмет атқарды. Соғыстан кейін Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтын бітіріп, 1948 жылы тарих ғылымынан кандидаттық диссертация қорғаған. 1946-1956 жылдары - Қазақ КСР Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, этнография бөлімінің меңгерушісі. 1956-1982 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының директоры қызметтерін атқарған. 1968-1976 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының вице-президенті болды. Оның ғылыми жетекшілігімен ондаған ғалым кандидаттық және докторлық диссертация қорғады.

А.Нүсіпбеков төңкеріске дейін және кеңестік Қазақстан тарихына байланысты 100-ден аса ғылыми еңбек, бірнеше көлемді монография жазған. Негізгі ғылыми қызметі Қазақ Кеңес мемлекетінің құрылуы және нығаюы, қазақ жерлерінің біртұтас мемлекет шеңберінде топтастырылуы, Қазақстан жұмысшы табының қалыптасуы мен дамуы, Қазақстан еңбекшілерінің Ұлы Отан соғысы жылдарында майдандағы ерліктері мен тылдағы қажырлы еңбегі, тарихты бұрмалаушы буржуазияшыларды әшекерлеу сияқты күрделі де маңызды тақырыптарға арналған.

Қазақстанның Ресейге қосылуының нәтижелері туралы, қазақ шаруаларының Е.Пугачев жетекшілік еткен шаруалар соғысына, Сырым батыр бастаған көтеріліске қатысу жайында тың пікірлер айтып, ғылыми тұжырымдар жасады.

А.Нүсіпбеков екі томдық «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы тарихының» негізгі авторларының бірі. «Қазақстанда жұмысшы табының қалыптасуы және дамуы» деген еңбегі үшін оған Қазақстан Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығы берілді.

Мәскеуде өткен Шығыс зерттеушілерінің ХХV-халықаралық конгресінде (1960), Бакуде өткен Шығыс зерттеушілерінің халықаралық конференциясында (1967), тағы басқа халықаралық және бүкілодақтық конгрестер мен симпозиумдарда, конференцияларда жасаған баяндамалары шет тілдеріне (ағылшын, араб, француз, испан) аударылып жарияланды. А.Нүсіпбеков 1968 жылы «КСРО-Жапония» мәдени байланыс қоғамының шақыруымен Жапонияда болып, Токионың Басэда университетінде қазақ тарихынан лекция оқыды. Венгрия Ғылым академиясында да баяндама жасаған.

А.Нүсіпбеков аудандық, қалалық және облыстық партия комитеттеріне мүше және Алматы қалалық кеңесінің депутаты болды. Қазақстан Коммунистік партиясы ХІІІ, ХІV-съездеріне Орталық комитетінің мүшелігене кандидат болып сайланған. Нүсіпбеков - «КСРО-Венгрия достық қоғамы» қазақ бөлімшесінің төрағасы. Қазақстан Мемлекеттік сыйлығын алған. 1957 жылдан КСРО тарихшыларының халықаралық ұлттық комитетінің, «КСРО-дағы социалистік және коммунистік құрылыстың тарихы» проблемалық ғылыми кеңестің, көп томдық «КСРО тарихы» бас редакциялық кеңесінің, КСРО кітапқұмарлар президиумының мүшесі және Қазақстан кітапқұмарлар қоғамы президиумының төрағасы, Қазақ Кеңестік энциклопедиясы Бас редакциясының мүшесі болған.

Ленин орденімен, 1-, 2-дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған. А.Нүсіпбековтің Алматыдағы үйіне ескерткіш тақта орнатылып, бір көшеге ғалымның аты берілген.

 

 

 

  

Дерек көзі:

Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 7 том;

«Тарихи тұлғалар» кітабы.

Бакуде «Study in Kazakhstan» халықаралық білім беру көрмесі өтті
Ұқсас жаңалықтар

Бакуде «Study in Kazakhstan» халықаралық білім беру көрмесі өтті