Nvidia Hugging Face платформасын 13 млрд долларға сатып алады

АСТАНА. KAZINFORM – Nvidia жасанды интеллект модельдерін әзірлеушілер мен пайдаланушыларды біріктіретін Hugging Face платформасын шамамен 13 млрд долларға сатып алу туралы келісімге келді, деп хабарлайды AP.

NVIDIA возобновляет выпуск ИИ-чипов H200 для Китая
Фото: SCMP

Компанияның бақылауына өткеннен кейін де Hugging Face ашық платформа ретінде жұмысын жалғастырады. Пайдаланушылар жасанды интеллект модельдерін жүктеп, таратып және өз қажеттіліктеріне қарай бейімдей алады.

Nvidia президенті Дженсен Хуанг компания ашық бастапқы коды бар жасанды интеллект технологияларына қызығушылық одан әрі артады деп есептейтінін мәлімдеді.

– Ашық тәсіл компанияларға жабық жасанды интеллект сервистеріне ақы төлеудің орнына дайын модельдерді пайдаланып, оларды өз міндеттеріне бейімдеуге мүмкіндік береді. Біз алдағы уақытта ұйымдардың көбі ашық модельдерді таңдайды деп есептейміз, – деді Дженсен Хуанг.

Nvidia OpenAI және Anthropic секілді компаниялардың жабық шешімдеріне балама ретінде ашық модельдерге сұраныс артады деп болжап отыр.

Келісім жасанды интеллект қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық күшейген тұста жасалып отыр. АҚШ Президенті Дональд Трамп ең озық жасанды интеллект жүйелерінің ұлттық қауіпсіздікке төндіруі мүмкін тәуекелдерін тексеру тетігін құру туралы жарлыққа қол қойғаннан кейін бір айдан соң ЖИ платформаларына бірқатар шабуыл жасалған.

Трамптың жарлығында аса қуатты жасанды интеллект жүйелері көпшілікке ұсынылғанға дейін бір ай ішінде олардың ықтимал қауіптерін бағалау қарастырылған.

Hugging Face платформасын сатып алу Nvidia-ның бағдарламалық қамтамасыз ету және ашық жасанды интеллект технологиялары саласындағы позициясын күшейтеді. Қазір компания заманауи ЖИ модельдерін оқыту мен іске қосуға арналған чиптер нарығында жетекші орынға ие.

Айта кетейік, NVIDIA ЖИ желілерін жеделдету үшін Marvell-ге 2 миллиард доллар инвестициялайды.