Нью-Йорк пен Нью-Джерсиде су тасқыны мен дауылдан кейін мыңдаған адам жарықсыз қалды
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың Нью-Йорк және Нью-Джерси штаттарында болған су тасқыны мен күшті дауыл салдарынан мыңдаған тұрғын жарықсыз қалды, деп хабарлайды Anadolu.
Америкалық БАҚ-тың мәліметінше, нөсер жауын Нью-Йорктің Бруклин және Куинс аудандарында су тасқынына әкелген.
Күшті дауыл салдарынан кейбір аудандарда құлаған ағаштар көліктерді зақымдаған.
Сондай-ақ су басқан жолдарда көліктерінде қамалып қалған жүргізушілер өз бетімен шығуға тырысқан.
Нью-Джерси штатында 10 мыңнан астам адам электр қуатынсыз қалғаны хабарланды.
Нью-Йорк мэрі Зохран Мамдани әлеуметтік желідегі парақшасында қаланың кәріз жүйесі жауын-шашын көлемін көтере алмай жатқанын мәлімдеді.
Ол сондай-ақ су тасқынынан зардап шеккен отбасылармен кездескенін айтты.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ-тың орталық бөлігінде 50 миллион адамның торнадо қаупі аймағында тұрғаны хабарланған болатын.