Нью-Йоркте өткен алғашқы сот мәжілісінде Мадуро мен оның әйелі өздеріне тағылған кінәні мойындамады

АСТАНА. KAZINFORM – Венесуэланың орнынан алынған көшбасшысы Николас Мадуро мен оның әйелі Силиа Флорес Нью-Йорктегі алғашқы сот мәжілісінде өздеріне тағылған кінәні мойындаған жоқ, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі NBC News- ге сілтеме жасап.

Мадуро, Венесуэла
Фото: www.cbsnews.com

Мәжіліс басталған соң бірнеше минут өткенде судья Элвин Хеллерстайн Николас Мадуроға өзін таныстыруды сұрады.

- Мен Венесуэланың президентімін, мені өзімнің Каракастағы үйімнен ұстап әкетті, - деді Николас Мадуро сотта испан тілінде.

Хеллерстайн Мадуроға тегін адвокат жалдауға құқығы бар екенін жеткізген және ол қандай да бір кері себеп туындамаса сот залынан босатылуы мүмкін екенін айтты.

Мадуро өзінің кінәсінің жоқ екенін және әлі де болса Венесуэла президенті екенін айтты. Сондай-ақ оның әйелі Флорес те кінәсіз екенін жеткізді.

Судья Хеллерстайн Мадуро мен оның әйеліне олардың құқықтарын түсіндірді және Нью-Йоркте федералық айыптау бойынша қамау кезінде консулдық қызметкерлерімен кездесе алатынын жеткізді. Маудро бұл құқықты пайдаланғысы келетінін айтты.

АҚШ заңдары бойынша шетел азаматтары жақын арадағы консулдыққа хабар беруі керек.

Маудроның адвокаты Барри Поллак өзі қорғап жатқан азаматтың әзірге кепілдікпен босатылу туралы өтініш бермегенін, алайда алдағы уақытта беруі мүмкін екенін айтты.

Ал Флорестің адвокаты өзінің қорғауындағы әйелдің қабырғасына зақым келгенін және тиісті емдеуді қажет ететінін айтты. Әзірге ол қамауда отыр.

Ерлі-зайыптыға есірткі терроризмі мен кокаин тасымалы және заңсыз қару-жарақ саудасымен байланысты айып тағылды.

CBS News хабарлауынша, Николас Мадуро мен оның әйелі Силия Флорес күшейтілген күзетпен Бруклиндегі орталық қамау мекемесінен тікұшақ арқылы Манхэттендегі тікұшақ алаңына жеткізілген. Одан кейін олар сот отырысы басталмай тұрып бірнеше сағат бұрын арнайы кортежбен сот ғимаратына апарылған.

Сот құжаттарына сәйкес, Мадуроны тәжірибелі адвокат Барри Поллак қорғайды. Ол бұған дейін WikiLeaks негізін қалаушы Джулиан Ассанждың мүддесін қорғаған. Барри Поллак Harris St. Laurent & Wechsler LLP заң фирмасында қызмет етеді.

Ал Силия Флорестің мүддесін Хьюстон қаласынан келген адвокат Марк Доннелли қорғайды. Ол Техастағы «Parker Sanchez and Donnelly» заң фирмасында жұмыс істейді. Доннеллидің өмірбаянында АҚШ Әділет министрлігінде 12 жыл қызмет еткені, оның ішінде Техастың Оңтүстік округі прокурорының аға кеңесшісі әрі алаяқтыққа қарсы бөлімнің басшысы болғаны көрсетілген.

Сот процесі Нью-Йорктегі Дэниел Патрик Мойнихан атындағы федералды сот ғимаратында өтіп жатыр.

Судья Элвин Хеллерстайнның мәлімдеуінше, іс бойынша келесі сот отырысы 17 наурыз күні сағат 11:00-де өтеді.

Мадуро, Венесуэла
Фото: www.cbsnews.com

CBS News дерегінше, Манхэттендегі сот ғимараты маңында қауіпсіздік шаралары айтарлықтай күшейтілген. Бұл аумақта АҚШ әскерінің Мадуроны тұтқындауына байланысты кішігірім митингілер өтіп жатыр. Жиналғандар арасында даулы мәселе бойынша әрі қолдаушылар, әрі қарсы пікірдегі топтар бар.

Төменгі Манхэттенде шамамен 50 адам жиналған. Мадуроның жақтастары «Президент Николас Мадуро мен Силия Флоресті дереу босатыңдар!» және «АҚШ, Венесуэладан қолыңды тарт!» деген ұрандар көтерген.

Бұған дейін АҚШ Венесуэлада жүргізілген әскери операция барысында президент Николас Мадуроны қолға түсіргені хабарланған еді.

 

Соңғы жаңалықтар